Рамзан Қадыровтың денсаулығы күрт нашарлағаны туралы ақпарат тарады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Шешенстан үкіметі толықтай дерлік Рамзан Кадыровтың туыстарынан тұрады / фото: KursivMedia мұрағаты
фото: KursivMedia мұрағаты

Шешенстан Республикасының басшысы Рамзан Қадыровтың денсаулығы күрт нашарлап, осыған байланысты жыл қорытындысына арналған халықпен тікелей желі уақытша өтпей отыр. Бұл туралы «Верстка» басылымы хабарлады.

Соңғы апталарда шешенстандық мемлекеттік және аймақтық БАҚ тікелей эфирге «кең көлемде дайындық жүріп жатқанын» бірнеше рет жазған. Алайда жарияланған хабарламалардың ешқайсында нақты күн мен уақыт көрсетілмеген. Ресми органдар бұл жағдайға қатысты түсініктеме берген жоқ.

Қадыровтың денсаулығына байланысты расталмаған ақпараттар 2019 жылдан бері тұрақты түрде таралып келеді. 2023 жылдың қыркүйегінде оппозициялық дереккөздер оның комаға түскенін айтқан. Ал «Новая газета Европа» басылымы Рамзан Қадыров бірнеше жыл бойы ұйқы безінің ауыр дертімен өмір сүріп келе жатқанын жазған.

Соңғы уақытта оның ресми іс-шараларда өте сирек көрінуі де қоғам назарын аудартты. Кейбір жарияланған видеоларда Қадыровтың баяу қозғалып, жүріс-тұрысы өзгергені байқалады.

2023 жылдың жазында түрік бұқаралық ақпарат құралдары Қадыровтың Бодрумда теңізге шомылып жүріп, жағдайы күрт нашарлап, суға тұншыға бастағанын және шұғыл түрде ауруханаға жеткізілгенін хабарлаған. Бұл ақпаратты Грозный билігі ресми түрде жоққа шығармағанымен, нақты түсініктеме де берген жоқ.

Осы қауесеттерге қарамастан, Қадыров өзін белсенді көрсету мақсатында спорт залында жаттығу жасап жүрген видеоларын бірнеше рет әлеуметтік желіде жариялаған.

Еске сала кетейік, бұған дейін Рамзан Қадыровтың анасы санкцияға іліккені туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз