Жаңалықтар

Шымкентте перзентханада жатқан әйел баласынан айырылып қалды

Шымкентте перзентханада жатқан әйел баласынан айырылып қалды / Фото: Kursiv.media, Дилара Иса

Шымкенттегі №2 қалалық аурухананың перзентхана бөлімінде жүкті әйелдің баласы өлі туылды. Әйел мен оның туыстары бұған дәрігерлерді кінәлайды. Ал қалалық денсаулық сақтау басқармасы әйелге қажетті медициналық көмек көрсетілгенін хабарлады. Полиция қылмыстық іс қозғады.

«Таңертең баланың жүрегі тоқтап қалған»

Шетінеген шарананың әкесі Абай Бердібектің айтуынша, бұл әйелі 30 жастағы Назерке Пірімбетованың төртінші жүктілігі. Кенжесі 4 жасар. Араға уақыт салып, күтініп жүкті болған. 7 айдан асқанда іші ауырған соң дәрігерге көрінген. Содан перзентханаға түскен.

«Міне, бір жарым айдан бері осында. Дәрігерлердің немқұрайлығынан нәрестеден айырылып қалдық. Әйелімнің бір күн алдын түнде іші ауырып, мазасы қашқан. 5-6 рет КТ-ға (компьютерлік томография – ред.) түсірген. Нәтижесі дұрыс шықпаған. Дәрігерлерге баланың қимылы азайғанын айтып, босандырып алуын сұраған. Бірақ дәрігерлер мән бермеген. «Таңға дейін шыда» деп кетіп қалған. Таңертең баланың жүрегі тоқтап қалған» дейді Абай Бердібек.

Оның сөзінше, бала өлі туылғанда алғашында дәрігерлер «бала дұрыс дамымаған, кіндігіне оралып, тұншығып қалған» дегенді айтқан. Отадан кейін есін жиған әйел қалай болғанын айтып берген.

Фото: Kursiv.media, Дилара Иса

«Соңына дейін ізденеміз»

Назерке Пірімбетованың енесінің айтуынша, әйелдің жағдайы ауыр. Баланың өлімін ауыр қабылдаған.

«Жүктіліктің 9 айына 4 күн жетпей қалды. Баланың жағдайын сезген келінім дәрігерлерден босандырып алуын сұраған. Ота жасауды өтінген, жалынған. Бар жауапкершілікті өзіне алып, тілхат жазып берейін деген. Сонда да дәрігерлер қимылдамаған», – дейді енесі.

Назерке Пірімбетованың ағасы Асанәлі Пірімбетовтің сөзінше, әуелі дәрігерлер бар кінәні әйелге жапқан. Дөрекі сөйлеп, шығарып салған. Полицияға шағымданған соң кешірім сұраған.

«Палатаға кірсем дәрігерлер қарындасымды үгітеп жатыр екен. Баланың денесін мәйітханаға бермеңдер, денесін тіліп тастайды дейді. «Өлетін бала, өлді. Соңына дейін ізденеміз» дедім», – дейді ол.

Қылмыстық іс тіркелді

Қалалық денсаулық сақтау басқармасы оқиғаның болғанын растады. Басқарма мәліметінше, 30 жастағы әйел дәрігерлердің тұрақты бақылауында болып, әйелдер консультациясына уақытылы тіркелген. Жүктілік кезінде барлық қажетті тексерулер, оның ішінде ультрадыбыстық зерттеулер жүргізілген, олардың бірінде плацента тіркелуінің патологиясы анықталған.

«Әйел қауіпті топқа жатқаны үшін поликлиника және қалалық №2 аурухана тарапынан бақылауда болған. Ол жүктілікті қолдау және қосымша тексеру үшін екі рет госпитализацияланған. Іштегі баланың және әйелдің жағдайының барлық көрсеткіштері қалыпты болған. Алайда 3 желтоқсаннан 4 желтоқсанға қараған түні жағдай нашарлап, өкінішке қарай антенатальді нәресте қайтыс болу фактісі тіркелді», – делінген басқарма хабарламасында.

Осы оқиға бойынша денсаулық сақтау басқармасы қызметтік тергеу жүргізу үшін комиссия жіберген. Өлі туылған нәресте мен бала серігі, кіндік бауы сот-медициналық сараптамаға жолданған. Тергеу нәтижелері бойынша тиісті шаралар қабылданатыны айтылды.

Ал қалалық полиция департаменті адамның өлімі жайты бойынша қылмыстық іс тіркелгенін мәлімдеді. Сонымен қатар аталған жайтқа қатысты медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаментімен тексеру басталған.