Алматы қаласында Қытай туристері күрт көбейді

2025 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында Алматы қаласына 1,8 миллионнан астам адам келді. Шетел туристері ішінде Ресей, Қытай және Үндістан елдерінің үлесі басым. Бұл туралы Kursiv.Media қала әкімдігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлады.
Алматыны көруді асыққан туристер легі жылдан жылға артып келеді. Биыл үш тоқсандағы көрсеткіш 2024 жылғы нәтижемен (1,7 млн) салыстырғанда 8,1%-ға артық.
Ішкі туристер
Қалаға қыдырып келушілердің дені – ел азаматтары. Тоғыз айдан мегаполиске 1,3 млн адам қонақтап келді. Олардың саны биыл 2024 жылға қарағанда 6,9%-ға артқан.
Қытай туристері көбейді
2025 жылғы қаңтар-қыркүйекте шетелден Алматыға келушілер 11%-ға көбейді – 563 мың адам. Олардың дені Ресей, Қытай және Үндістан елдерінен келген. Солтүстіктегі көрші елден 124,2 мың қонақ болды – былтырғыдан 5,7%-ға артық. Ал Қытай туристері бірден шамамен 40%-ға артып, 102,1 мың адамға жетті. Бұл жағынан қытайлықтар Үндістанды басып озды – 85,6 мың (3,5% өсім).
Алматыға қызығатын алғашқы алты ел қатарында Түркия (28 670 адам, өсім 9,1%), Оңтүстік Корея (18 535 адам, 17,5%) және Германия (12 549 адам, 15,6%) бар.
Орталық Азиядағы көршілеріміз – Қырғызстан (12 356 адам, 18,9%) мен Өзбекстан (12 259 адам, 8,9%) 7-8-орындарда қалды.
Алғашқы ондықты Ұлыбритания (10 143 адам, 7,1%) мен Италия (7 637 адам, 28,5%) түйіндеді.

Бұлардан бөлек, оңтүстік астанаға Сауд Арабиясы (6 750 адам, 5,2%), Малайзия (5 773 адам, 16,9%) және Франция (4 688 адам, 25,4%) елдерінің туристері жиі келетін болды.
CNN телеарнасы Алматы қаласын 2025 жылы баруға ұсынылған бағыттар тізіміне қосса, The Telegraph ағылшын басылымы шаһарды «Орталық Азияның інжу-маржаны» деп атады.
Қыста ел ішінде қыдырғыңыз келсе, Kursiv.Media ұсынған жеті орынның бірін таңдаңыз.