Ақтөбеде автобус аударылып, бес адам қаза тапты

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
жол тайғақ көктайғақ
фото: shutterstock

Ақтөбе облысы аумағында жолаушы автобус аударылып, бес адам қаза тапты. Бұл туралы Kursiv.Media Өзбекстан төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлады.

Өзбек азаматтары көз жұмды

Оқиға 7 желтоқсанда таңғы сағат 08:57-де Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы аумағында болған. Республикалық маңызы бар автожолдың 1028-шақырымында «Пермь-Ташкент» бағытымен келе жатқан «Yutong» маркалы жолаушылар автобусы жол жиегіне қарай аударылып, арыққа құлаған.

«Көлік апаты салдарынан автобуста болған 49 жолаушының бесеуі қайтыс болды. Олардың екеуі – Өзбекстан азаматы», – деп таратты көрші елдің министрлігі.

Өзбек билігі қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқандардың мәйітін елге жеткізу, олардың отбасы мүшелеріне көмек көрсету бойынша қажетті шаралар қабылдап жатыр.

Әйтеке би ауданындағы оқиға

Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігі қайғылы оқиға туралы ресми мәлімет таратпады, бірақ Әйтеке би ауданында 53 адам эвакуацияланғаны туралы ақпар берді.

«Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданында республикалық маңызы бар автожолының 950-шақырымында 53 жолаушы күрделі жағдайға тап болды. Қозғалыстың шектелуіне байланысты 15 адам Белқопа ауылы бағытына жаяу аттанып, «Шымкент–Мәскеу» бағытында жүріп келе жатқан автобустың 38 жолаушылары эвакуацияланып жақын елді мекендегі жылыту пунктеріне жеткізілді», – деп таратты Қазақстан ТЖМ.

Министрлік мәліметінше, эвакуацияланған 11 өзбек азаматы «медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ».

ТЖМ алыс жолға шығар алдында ауа райын ескеріп, сақ болуға кеңес береді.

Сондай-ақ оқыңыз