Нарынқол картобы Lay’s чипсіне айналады: 71 млрд теңгеге ең үлкен зауыт салынбақ

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Lays чипс
фото: shutterstock

Алматы облысында Lay’s чипсін шығаратын Орталық Азиядағы ең үлкен зауыт салынады. Инвестициялық жоба құны – 71 млрд теңге. Кәсіпорын жергілікті шикізатты пайдаланады. Бұл туралы Kursiv.Media өңір әкімдігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлады.

Ірі өндірісті PepsiCo компаниясы жүзеге асырады. Өңір басшылығы инвестициялық жобаның жергілікті ауыл шаруашылығын дамытуға ықпалы зор деп есептейді. Әсіресе Нарынқолда картоп өсіретін шаруаларға үлкен демеу болғалы тұр.

Әкімдік мәліметінше, өнеркәсіптің ішкі аймақ өніміндегі үлесі 25%-дан асады. Өндірісте 56 мыңнан астам адам еңбек етеді. Өнім көлемі 2 трлн 110,7 млрд теңге болды.

Алматы облысы көкөніс шырындары, алкогольсіз сусындар, балмұздақ, шарап, коньяк өнімдері және ірімшік өндіруде көш бастап тұр. Ол темекі шығаратын жалғыз өндіріс орталығы. 2025 жылы «JTI» және «Philip Morris» компанияларының қатарына кореялық KT&G компаниясы қосылды. Ол жаңа темекі зауытын іске қосты.

Бұдан бөлек, LC Waikiki компаниясының 30 млрд теңгеге көтерме-тарату орталығы салынып жатыр. Сонымен бірге Qazaq Global Food компаниясы жеміс-жидек өнімдерін терең өңдейтін 16,5 млрд теңгенің зауытын іске қосты.

Қазақстан биыл 128,7 мың гектар жерге картоп екті. Өнімнің осы түрі бойынша Алматы облысы көш бастап тұр. Өңірде картоптың бір келісі 250 теңге тұрады.

Сондай-ақ оқыңыз