
Кезінде әлемнің абсолют чемпионы болған бокс жұлдызы Рой Джонс Астана қаласында жастарды жаттықтырды. Бұл туралы Kursiv.Media елорда әкімдігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлады.
Шеберлік сабағы SANA Sport кешенінде өтті. 56 жастағы Рой Джонспен кездесуге жастар көп жиналды. Бокс жұлдызы оларға жетістікке жету үшін табанды еңбек ету керектігін түсіндірді. Ол жеке дайындық жоспарын құру, техниканы жетілдіру және ойын тактикасын меңгеру құпиясын айтты.

Сонымен бірге спортпен айналысқан адам бос уақытын тиімді пайдаланып, зиянды әдеттерден аулақ жүруі керек екенін де ескертті. Жас спортшылар мен бапкерлер әйгілі боксшыға сұрақтар қойды.
«Бокстағы жарыс жолым 1974 жылы басталды. Әкем де көптеген боксшыны жаттықтыратын. Бір күні оның бөлмесінде Мұхаммед Әлидің жекпе-жегін көріп, бокс тек күшпен ұру емес, ақыл мен стратегияға негізделген өнер екенін түсіндім. Сол сәттен бастап бокс менің өміріме айналды», – деді боксшы.
Әлемге танымал даңқты спортшы жастарға кеңес беріп қана қоймай, рингте жаттығу өткізді. Ол жас балаларға бокстың психологиялық және тактикалық қырларын көрсетті.
Джонс спорттағы мансабын аяқтағаннан кейін де әйгілі Майк Тайсонмен жұдырықтасқан. 2020 жылғы бұл матч тең есеппен аяқталған. Ол киноға да түсіп, музыкалық шығармаларымен танымал болды.
Астанадағы кездесу соңында Рой жас спортшылармен естелік суретке түсіп, қолтаңба таратты.
Бұл уақытта қазақ боксшы, орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы әлеуметтік желіде жанкүйерлеріне арнап маңызды мәлімдеме жасады.