Қазақстанда үй бағасы ТМД елдерінен арзан болып шықты

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: kursiv.media

Соңғы уақытта қоғамда Қазақстандағы тұрғын үй бағасы шектен тыс қымбаттап кеткені жайлы әңгіме жиі айтылып жүр. Алайда әлемдік тұрғын үй бағасы рейтингтері мұндай пікірлер шындыққа жанаспайтынын нақты көрсетіп отыр. Numbeo сарапшылары қала орталығындағы және шет аймақтағы тұрғын үй бағасына қатысты екі түрлі көрсеткішті ұсынды.

Қала орталығында үйлердің бағасы

Статистикаға сенсек, Қазақстан тұрғын үй құны бойынша әлемдегі ең төмен баға ұсынатын елдердің қатарында тұр. Қала орталығындағы пәтер бағасы бойынша Қазақстан 97 елдің ішінде 13-орында тұр. Республикадағы қала орталығындағы тұрғын үйдің бір шаршы метрінің орташа бағасы – 1235,4 долларды құрайды. Салыстырмалы түрде айтқанда, бұл баға Иран мен Палестина сияқты әлеуметтік-экономикалық қиын елдермен шамалас, ал соғыс жүріп жатқан Украинадан (21-орын) айтарлықтай арзан.

Қала шетінде үйлердің бағасы

Қала шетінде орналасқан тұрғын үйлерге келер болсақ, бұл көрсеткіш бойынша да Қазақстан әлемде 16-орынға ие. Мұндағы тұрғын үйдің бір шаршы метрінің орташа бағасы–  867 АҚШ доллары. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан тура Палестина мен Украинаның ортасында тұр. Мысалы, Молдова бұл рейтингте 45-орында болса, Ресей 49-орында.

Айта кету керек, ТМД елдерінің барлығында (соның ішінде бұрынғы мүше елдерде де) тұрғын үй бағасы Қазақстанмен салыстырғанда жоғары. Сонымен қатар, Қазақстанда жалақы деңгейі Орталық Азия елдері ішінде ең жоғары және тұрғын үй бағасы әлдеқайда жоғары елдермен салыстырғанда да айтарлықтай жоғары.

Қазақстанның ресми статистикасы бұл деректерді растайды, қазан айында жаңа тұрғын үйдің бір шаршы метрі орта есеппен 1028 АҚШ долларын, ал екінші нарықтағы баспана – 1059 долларды құрады. Бұл орташа көрсеткіш негізінен Алматы мен Астана қалаларының есебінен сақталып отыр, ал өңірлерде баға айтарлықтай төмен.

Ал Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Тұрғын үй нарығындағы дүрбелеңді құрылыс компаниялары қолдан жасауы мүмкін екенін айтады.  

Сондай-ақ оқыңыз