Батыс қазақстандықтар жалақының аздығынан Ресейге жұмысқа кетіп жатыр

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: kursiv.media архиві

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев кейбір өңір тұрғындарының жоғары жалақы үшін Ресейге жұмысқа кетіп жатқанын мойындады. Алайда аймақта жұмысқа орналасуда мәселесі жоқ екенін айтады.

Төреғалиев өңірдегі еңбек нарығында бос жұмыс орындары жеткілікті екенін атап өтті.

«Біз 23 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтыдық, бұл ең маңызды міндет. Бос орындар бар, керісінше бізге жұмыс күші жетіспейді», – деді әкім.

Ол облыста жұмыс берушілер 250-500 мың теңге көлемінде жалақы ұсынатынын, ал Ресейде вахталық әдіспен жұмыс істейтін қазақстандықтарға көбіне 600–800 мың теңге төлейтінін айтты.

«Әрине, жұрт көбірек табыс тапқысы келеді. Мұндай жағдайда адамды тоқтату мүмкін емес деп ойлаймын, бұл әркімнің жеке таңдауы», – деді Төреғалиев.

Журналистер әкімдік шетелге кеткен жұмысшыларды бақылап отыра ма және олардың Ресей әскері құрамында соғысқа қатысу жағдайлары тіркелген бе деп сұрады.

«Жоқ, ондай жағдайлар болған жоқ. Мен сіздерге нақты айтамын. Біз бақылап отырмыз», – деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ әкім азаматтар шетелге табыс табу үшін барады және дін аман оралады деп сендірді.

Айта кетейік, елден көшіп кетушілер азайып, келушілер көбейді. 2024 жылы Қазақстанға сырттан 29 282 адам тұрақты тұру үшін келсе, өзге мемлекетке 12 732 отандасымыз көшіп кетті. Әсіресе, Солтүстік Қазақстан тұрғындары шетелге көптеп қоныс аударып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз