Батыс Қазақстанда тұз тапшы ма – әкім жауап берді

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Орал мен Ақтөбе тұрғындарының тұз тапшылығына қатысты шағымына жауап берді.
Оның айтуынша, бұл жағдай Ресейдегі кәсіпорынның өндірісті уақытша тоқтатуына байланысты болған. Қазіргі таңда мәселе толық шешілген.
ОКҚ-дағы брифингте Төреғалиев ресейлік «Россоль» компаниясы өнім шығаруды 10 күнге дейін тоқтатқанын айтты.
«Ресейлік компанияда өндірістік мәселе болды, 10 күнге дейін жұмыс тоқтады, соның салдарынан тұз жетіспеушілігі орын алды», – деді ол.
Қазір аймақта жеткізу қызметі қалпына келген. Облыс Атырау мен Қызылорда облыстарынан, сондай-ақ жұмысы қайта жанданған ресейлік зауыттан тұз алып отыр.
«Бүгінде халыққа жеткілікті көлемде тұз бар, дүкен сөрелерінде ешқандай қиындық жоқ», – деді өңір басшысы.
Оның айтуынша, баға да тұрақты, бір қаптамасы 55-тен 69 теңгеге дейін. Әкім өңірдің тұзға деген қажеттілігі 90 тонна екенін айтады. Ресейлік компаниялар бағаны отандық өндірушілерге қарағанда төмен ұсынады, себебі олар Қазақстанға жақын орналасқан және тасымалдау шығындары аз.
«Мен бұл сұраққа жауап беріп өттім. «Россольдің» ең арзан бағасы 52 теңге. Ал Indertuz, «Аралтұз» АҚ бүгінде 60-69 теңге бағамен сатады», – деді Төреғалиев.
Осыған дейін Сауда министрлігі Батыс Қазақстан облысындағы ас тұзына қатысты жағдайды түсіндірген еді.