«3 адам өлген»: Әкімдік көлігінің қатысуымен болған жол апатына қатысты үкім шықты

Жарияланды
"3 адам өлген": Әкімдік көлігінің қатысуымен болған жол апатына қатысты үкім шықты
Жол апаты / көрнекі сурет / фото: shutterstock

Түркістан облысы Кентау қаласы әкімдігінің қызметтік көлігін тізгіндеген жүргізуші жол-көлік оқиғасына түсті. Оқиға орнында жүргізуші мен қарсы бағыттағы көлік ішінде болған екі жолаушы тіл тартпай қайтыс болған. Тағы бір адам ауыр жарақат алған.

Қайтыс болған 21 жастағы жүргізушінің үстінен Қылмыстық кодекстің «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бабымен қылмыстық іс қозғалған. Сот кабинеті жүйесінде ілінген сот үкіміне қарағанда, айыпталушының қайтыс болуына байланысты іс тоқтатылған.

«Нұрдәулет Жұмахимұлы Нұртасов қайтыс болуына байланысты Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігінде көрсетілген қылмыстық жауапкершіліктен босатылсын, оған қатысты қылмыстық іс тоқтатылсын. Заттай дәлелдеме ретінде танылған: қан сүртінділері, одорологиялық иіс, қол саусақ іздері – жойылсын. Қылмыстық іс бойынша процестік шығындар мемлекеттің есебіне жатқызылсын» делінген облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімінде.

Қайғылы оқиға Жетісай ауданы Жүзімдік ауылының маңында «Жібек Жолы – Жетісай» тас жолында 20 тамызға қараған түні болған. Әкімдік көлігі Шымкентке бет алған. Жүргізуші қарсы бағытқа шығып, өз жолымен келе жатқан жеңіл көлікке соқтығысқан.

«Сот отырысында айыпталушының өкілі Мұсағалиев інісі Нұрдәулет Нұртасовқа тағылған айыппен толық келісіп, Нұртасов сол жол-көлік оқиғасынан қайтыс болуына байланысты істі тоқтатуды сұрады. Прокурор мен жәбірленуші жақ істі тоқтатуға қарсы болмады» делінген сот үкімінде.

Кентау қаласы әкімдігі жол-көлік оқиғасына түскен көлік аппарат басшысының қызметтік көлігі екенін растады. Үкімде көліктің рөл жүйесі мен тежеуіші ақаусыз күйде болғаны айтылады. Ал сараптама ақау екі көлік соқтығысқанда пайда болғаны туралы шешім шығарған.

Үкім заңды күшіне енбеген.

Бұған дейін, Жетісуде жол апатына айыпкерді жұрт көзінше соттаған.

Сондай-ақ оқыңыз