Әкесін асыраудан бас тартқан ер адам 15 тәулікке қамалды

Өзбекстанның Самарқанд облысының мәжбүрлеп орындату бюросы міндетін орындамаған азаматтың жауапкершілікке тартылғанын хабарлады.
Kun.uz ақпаратына қарағанда, ата-анасын асырау – заңмен бекітілген міндет.
Мәжбүрлеп орындату бюросының мәліметінше, Паярық ауданаралық азаматтық сотының атқарушылық құжатына сәйкес борышкер Э.Х.-тен әкесі Ю.Х.-ның пайдасына ай сайынғы табысының 50 пайызы мөлшерінде алимент өндіру белгіленген.
Алайда борышкер міндеттемелерін орындаудан жалтарып, алиментті әдейі төлемеген. Мемлекеттік орындаушы бірнеше мәрте ескерту жасапты. Бұған қарамастан, жағдай өзгермеген. Іс материалдары сотқа жолданған.
2025 жылғы 1 желтоқсанда Ақдария аудандық соты Әкімшілік жауапкершілік туралы кодекстің 47-5-бабының 1-бөлігі негізінде Э.Х.-ға 15 тәулікке әкімшілік қамау жазасын тағайындады.
Айта кетейік, Отбасы кодексінің 109-бабына сәйкес, кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз және мұқтаж ата-аналарын материалдық тұрғыдан қамтамасыз етуге әрі оларға қамқорлық жасауға міндетті.
Мұның алдын Ферғанада ер адам алимент төлеуге қатысты жанжал кезінде әйелін және екі жасар қызын өлтіріп тастаған болатын.