Астанада 33 адамды алдаған онлайн-алаяққа үкім шықты

2025 жылдың 19 қарашасында Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты телефонмен алаяқтық жасаған К. есімді азаматқа қатысты үкім шығарды. Ол Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі 4-тармағы бойынша кінәлі деп танылды.
Істің мәні
Сот мәліметінше, К. 2025 жылдың 9 наурызынан 8 тамызына дейін әлеуметтік желілердегі «Б» аккаунтында байланыс деректерін қалдырған азаматтардың тізіміне заңсыз қол жеткізген. Ол жәбірленушілерге қоңырау шалып, өзін қаржы ұйымының менеджері ретінде таныстырған.
К. азаматтарға несие рәсімдеу үшін «алдын ала төлем жасау қажет» деген жалған ақпарат беріп, түрлі сомада ақша аудартқан. Қаражат түскеннен кейін ол жәбірленушілердің телефон нөмірлерін бұғаттап отырған.
Осы схемамен ол 33 адамның жалпы көлемі шамамен 2,6 миллион теңге қаражатын иемденген.
Сот үкімі
Жаза тағайындау барысында сот жеңілдететін мән-жайлар ретінде айыпталушының жасын, кінәсін мойындауын, өкінгенін және 22-ден астам жәбірленушіге келтірілген шығынды өз еркімен өтегенін ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады.
Сот шешімі бойынша К.-ға 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.