
Instagram желісінде инфлюенсер қыздарға алпауыт букеттер сыйлап жатқан көріністі көп көреміз. «Сұлу қызға гүл бергеннің несі айып» деп ондайға мән бермеуге болады. Соның өзінде әдемі букеттермен түскен сурет-видеолардың астында пікірде «осылар гүлді өзіне өзі алатын сияқты» деген сыңайдағы сөздерді жиі байқаймыз. Ал кейінгі кезде бірнеше блогер қыз теңгелей, енді бірі доллармен оралған букет гүл алды.
«Сенімен таныстық тарифі 5 000 000 теңге деп естідім»…
Осындай месседж жазылған ашықхатты байер әрі блогер Нәзира Зәру осыдан екі айдай бұрын алған еді. Блогер отырыста құрбыларымен отырғанда үлкен букет гүл мен бір күлгін қорапқа салынған қолма-қолма ақша сыйлыққа келеді. Өзі бұл туралы салған жазбасында «Нақты есімде жоқ, 2-3 ай бұрын менімен танысу 5 млн тг деп жазғанмын. Ондай жігіттер жоқ шығар деп ойласам. Өз өмірімді тыныш қана сүріп жатқан адам едім. Бұл не болды, әлі түсінбей жатырмын. 5 лям тұрмақ, 100 мың ақша алып көрмегем ер адамнан» деп жазды. Нәзира кейін бұл құпия ер адам кім екенін ашып айтпады. Оқырман ішінде көбі «өзіңді қорғайтын, мықты ер-азамат болсын» деп тілесе, енді бірі «сізге бұрынғы жолдасыңыз да үнемі қымбат бренд әшекейлер алып беретін еді ғой. Қалай 100 мың алып көрмедіңіз» деп те жатты.
Сабина Мовлаеваға бір себет ақша келді
Әнші әрі блогер Сабина Мовлаеваға да осыдан бір апта бұрын күтпеген жерден тосынсый келді. Түсірілімде жүрген кезінде курьер кіріп келіп, гүл салатын үлкен себет әкеліп берді. Ішінде гүл емес, он мың теңгелік купюралар оралған. Ойламаған жерден келген сыйлыққа Сабина таңғалды. Видеода әнші «Үнемі түсірілімде жүргенде осындай сыйлықтар келетінін байқаймын. Бәрі шок болып жатыр. Шын ба деп ұстап көргісі келіп жатыр. Гүл беретіндер қызық, қағазға нөмірін жазып кетеді. Мен жазбаймын, не жіберсеңіздер де» деп айтты. Артынша ақшаны санаған, жалпы 4 миллион теңге шыққан. Сабина бұл ақша оған керек емес екенін, қайырымдылыққа жіберетінін не оқырмандарына тарататынын жазды. Пікірде оқырман «жарайсың. Тауып отырғаным өзіме жетеді дейді. Ешкімге мұқтаж емес, өз еңбегі» деп жатты. Енді бірі «маған беріңізші кредиттен құтылайын», «өз ақшасы ғой, кім жібереді 4 миллионды», «ұзын көйлек сатып алыңыз деп беріп кеткен болар» деп жазды. Бұл жолы да сыйлықты кімнің бергені сол күйі құпия қалды.
Бота Нұрақынмен кездесу құны – 2 миллион теңге
Блогер Bota Mia екі күн бұрын доллар купюрамен көмкерілген алпауыт букет иеленді. Үнемі ерекше контент жасап жүретін блогер бұл жолы да ерекшеленді. Бойымен бірдей букет шетел валютасына оралыпты. Оған дейін Бота сториде жарнамаға жеңілдік жасайтынын, соған қоса өзімен кездесу құны 2 миллион теңге тұратынын жариялаған еді. Көп ұзамай-ақ осындай тосынсый жасалды. «2 миллиондық кездесуге шақырту осылай келді, әне. Кімнен екенін ертең білемін-ау. Уайымдап тұрмын, қатты кетті» деп жазды ол. Оған қоса видеоға «жігіт: уәде берумен шектеледі. Ер-азамат: доллардан гүл сыйлайды» деген жазу қосып қойған. Мейрамханада тамақтанып отырған жерінен келген тосынсыйға таңырқағанын жасырмады. «Кеше 4 қорап тұз алып қойып едім азық-түлік алуға барғанда, жақсы болды ғой, асықпай жалай берейін», «өтірік ақша ғой десем көре алмаған болам ба», «күлдім, басыма келсін» деп әзіл-қалжыңы аралас пікір жазғандар көп. Арасында «алдында Сабинаға да келді 4 миллиондық букет. Жай контент сияқты осылардыкі» деп сенбей жатқандар да табылды. Бота контентін үнемі жоспармен салатынын ескерсек, бұл букетті кім бергенін де жоспар бойынша алда біліп қалуымыз мүмкін. Әзірге тосынсыйды кім жасағаны белгісіз. Гүл алғалы бері блогер белгісіз біреудің машинасында отырып, таңдау жасайтын тренд видео да түсірді. «Сөзбен емес, іспен көрсетеді» деген сөзді де кімге бағыттап айтқаны әзірге белгісіз.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін блогер Мерей Әбілованың шығарған жаңа сусабынының құрамы туралы жазған едік.