Бектенов қазақша баяндама оқыған вице-министрді мақтады
Жарияланды

Үкімет отырысында Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ростислав Коняшкин көлік-транзит саласын дамыту және цифрландыру туралы қазақша баяндама жасады. Премьер-министр Олжас Бектенов Коняшкиннің қазақшасына жақсы баға берді.
«Қазақша жақсы баяндадыңыз, дұрыс осылай үйрену керек, отырыңыз», – деді ол.
Ростислав Коняшкин Көлік министрлігі Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірге көлік саласының цифрлық трансформация картасын бекіткенін баяндады. Құжатта негізгі мақсаттар бекітілген:
- 2027 жылға дейін 10 халықаралық әуежайда биометриялық сәйкестендіруді іске қосу;
- теміржол бағыттарының 55 пайызына интеллектуалды жүйелер енгізу;
- 2029 жылға қарай автокөлік өткізу пункттерінде «жасыл дәлізді» толық енгізу.
Аталған шаралар шекарадан өту уақытын қысқартып, транзиттік әлеуетті күшейтуі керек.
Айта кетейік, осы күзде жүк тасымалын бақылайтын «Транзит» жүйесі іске қосылды. Ол заңсыз тасымалдың алдын алып, жолға кететін уақытты қыстартуы керек.