Жаңалықтар

«Бір тамшы су бермейміз»: Бектенов фермерлерге ескерту жасады

Фото: kursiv.media мұрағаты

Үкімет басшысы Олжас Бектенов су тапшылығы жағдайында сумен қамтамасыз ету мәселелерін шешу үшін кешенді шараларды іске асыруды тапсырды.

Су мәселесі талқыланған жиында облыс әкімдері 2026 жылғы вегетациялық маусымға дайындық аясында коммуналдық меншіктегі гидротехникалық нысандар мен ирригациялық каналдарға жөндеу жұмыстарын жүргізуге міндеттелді. Олжас Бектеновтың сөзінше, басты міндет – суды көп қажет ететін дақылдардың үлесін қысқарту және су үнемдеу технологияларын енгізу.

«Өңір әкімдіктері мен уәкілетті мемлекеттік органдар егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру бойынша индикаторлардың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етсін. Су ресурстары министрлігі бекітілген лимиттерден тыс су беру жағдайларының алдын алсын. Бұл өзекті мәселе, мен қайталап айтайын», – дейді ол.

Үкімет басшысының сөзінше, Ауыл шаруашылығы министрлігі егіс алқаптарын әртараптандыру жөнінде тиісті кесте бекітті, алдағы уақытта барлық жұмыс осы кестеге сәйкес жүргізілуі тиіс.

«Мысалы, бір шаруашылықта 100 гектар болу керек десек, ертең 1 га артық егілсе, оған біз бір тамшы су бермейміз. Егер ертең осы көрсеткен, Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен көрсеткіштерді бұзып, ертең диқандардың шығындары болса, бір тиыны да бюджеттен өтелмейді.  Бұны ашық, үзілді кесілді айту керек халыққа», – дейді ол.

Бектеновтың сөзінше, 2026 жылдың шілдесінде Шардара топтық су құбырының құрылысы аяқталады. Бұл қала тұрғындарын ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтеді. Үкімет Су ресурстары және ирригация министрлігі, сондай-ақ шекара маңындағы өңірлердің әкімдіктері қажетті су көлемінің дер кезінде келуін қамтамасыз ету үшін көршілес мемлекеттермен тығыз жұмыс жүргізуге міндеттеді.