Lifestyle

Ресейлік әнші қазақстандық тыңдармандарына 6 млн теңге қайтаруға тиіс

Акмаль, концерт
Әншінің Қазақстандағы концерті өтпей қалған/фото: event/akmal-mahachkala

Ресейлік әнші Акмаль қазақстандық тыңдармандарына 6 миллион теңгеден астам қаражат қайтаруға тиіс. Бұл туралы сауда министрлігі хабарлады. Бұған Қостанайда жоспарланған концерттің өтпей қалғаны себеп болған.

Оқиғаның мәнжайы

2025 жылдың қазанында ресейлік әнші Акмаль (Акмаль Ходжаниязов) Петропавлдағы концерті кезінде көк және сары түсті пакетті байқап, оны өртеп жіберуге кеңес берген. Ол бұл түстерді ұнатпайтынын айтқан. Қазақстан мен Украина туы көк және сары түстен тұрады. Содан кейін әлеуметтік желіде шу шығып, Акмальдің Қазақстанға туры тоқтатылды. Петропавлдан кейін Қостанайдағы және басқа қалалардағы концерттері де билеттердің толық сатылып кеткеніне қарамастан бірінен соң бірі тоқтады.

6 млн теңге қайтаруға тиіс

2025 жылдың 18 қарашасынан бастап Солтүстік Қазақстан облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне Акмальдың Қостанайдағы концертіне билет алған азаматтардан 100-ден астам өтініш түскен.
Тұтынушылар билеттерді eventticket.kz электрондық сервисі арқылы сатып алған. Бұл электронды түрде ақылы қызмет көрсету шартының жасалғанын растайды. Алайда концерт белгіленген күні өткізілмей, ұйымдастырушы тұтынушыларға билет қаражатын қайтармаған.

Осыған байланысты ұйымдастырушы – жеке кәсіпкерге барлық зардап шеккен тұтынушыға билет құнын толық көлемде қайтару туралы ресми хабарлама жолданды. Ұйымдастырушы тұтынушыларға 6 миллион теңгеден астам қаражат қайтаруға тиіс.

«Егер қаражатты қайтару туралы талап орындалмаған жағдайда, департамент ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңының 5-бабы 8-тармағына сәйкес, сатып алынған билеттердің ақшасын қайтару мәселесі бойынша сотқа жүгінеді», – деді Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті басшысы Қанат Жеңісбекұлы.

Департамент жағдайды бақылауда ұстайтынын мәлімдеді.