Шөкеев тұсында салынып, қараусыз қалған жағажайға 5 млн доллар инвестиция тартылады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
пляж
9 млрд теңгеге салынған / facebook.com/ДидарСмагулов

«Шаға» жағажайын дамытуға 5 млн доллардан астам инвестиция тартылады. Нысан Түркістан облысын Өмірзақ Шөкеев басқарып тұрған кезде 9 млрд теңгеге салынған, алайда кейіннен қараусыз қалған.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі Нұралхан Көшеров инвестор табылғанын айтты. Қазір келісімге қол қойылып жатыр.

«Барлық келісім пысықталды, қазір келісімшартқа қол қою сатысында тұрмыз. Келесі жылдан бастап инвестор 5 млн доллардан астам қаражат салып, осы жағажайды дамытуды жоспарлап отыр», – деді Көшеров.

«Шаға» жағажайы 2023 жылдан бері талқыланып келеді. Сол кезде белсенділер 9 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалғанына қарамастан, жағажайдың қараусыз қалғаны көрсетілген фотолар жариялады.

2020-2021 жылдары су асты каналы, көлді тереңдету және жағалауға 1,8 млрд теңге; 2022 жылы абаттандыру, көпірлер, киім ауыстыратын орын, душ, дәретхана, касса, жалға беру пункттеріне 7 млрд теңге жұмсалған.

Нысан құрылысы 2020 жылдың қарашасында басталып, 2022 жылдың шілдесінде пайдалануға берілген. Жалпы ауданы – 81 гектар. 

Айта кетейік, Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысын 2019-2022 жылдары басқарды.

Сондай-ақ оқыңыз