Түркістанда 100 млн теңгеге жеті минуттық видео түсіріледі

Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеров 100 млн теңгеге бағаланған 7 минуттық видеоға қатысты пікір білдірді.
Бұған дейін желіде ел тарихының әр кезеңі көрсетілетін видеоны «G7 Exclusive» ЖШC 100 млн теңгеге түсіретіні туралы ақпарат тарады.
Көшеровтің айтуынша, бұл жай бейнеролик емес, Universal киностудиясы түсіретін 3D форматтағы видео болады.
Облыс әкімі мұны «Алтын Самұрық» кешеніндегі кинотеатрмен байланыстырды. Ол жерде видеоға 3D эффект қолданылып, Қазақстанның көрікті жерлері көрсетіледі.
«Оны басқа елдермен салыстырып, сұрастырып көрдік. Шетелде мұндай видео құны 200-300 мың долларға дейін барады. Теңдесі жоқ. Бұл – өте қымбат дүние, жай бейнеролик емес. Соны кішкене түсіну керек», – дейді Көшеров.
Айтуынша, мұндай видео туристік әлеуетті арттырады және бір жылдың ішінде жұмсалған қаржы бюджетке қайтарылады.
Бұған дейін Түркістан облысындағы «Шаға» жағажайын дамытуға 5 млн доллардан астам инвестиция тартылатыны айтылды.