Келесі жылы Түркістан облысында тағы да су тапшылығы болады – Көшеров

2026 жылы Түркістан облысында тағы да су тапшылығы болады. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі Нұралхан Көшеров мәлімдеді.
«Келесі жылы су тапшылығы болады деп болжанып отыр. Ол қар мен жаңбырға байланысты. Қыста көрші Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстанда қар-жаңбыр жақсы жауса, су тапшылығы болмайды. Олай болмаса, су тапшылығына ұрынамыз. Оған дайынбыз. Былтыр 6,6 мың гектарға күріш егілсе, биыл 3,5 мың гектарға егілді. Шаруалардың бәріне түсіндірдік», – дейді облыс әкімі.
Айтуынша, облыс су үнемдеу технологиясына көшу қажет.
«Биыл 59 мың гектарға тамшылап суару технологиясын ендірдік. Келесі жылы 50 мың гектарға енгіземіз. Каналдардың 76%-ының тозығы жеткен. Соны жөндеп, көрсеткішті 50%-ға жеткіземіз. 2030 жылға дейін 1,2 млрд текше метр су үнемдеуге мүмкіндік туады», – деді Көшеров.
Айта кетейік, 2025 жылдың жазында Түркістан облысында ағын су тапшы болып, диқандарға су кезекпен берілді.
Бұған дейін премьер-министр суды көп қажет ететін дақылдардың үлесін қысқарту және су үнемдеу технологияларын енгізу керек екенін айтты.