Freedom Holding түрік нарығына шығу мүмкіндігін зерттеп жатыр

Freedom Holding Corp Түркия нарығына шығу мүмкіндігін зерттеп жатыр. Бұл туралы холдинг CEO-сы және мажоритарлық акционері Тимур Турлов мәлімдеді. Оның айтуынша, компания әлі нақты ешқандай келісімге қол қойған жоқ, бірақ Түркияны басым даму бағыты ретінде қарастырып отыр.
«Мен әзірге келісімшартқа қол қойылмай тұрып, ешқандай мәміле туралы жариялағым келмейді. Біз әлі мәмілеге қол қойған жоқпыз, бірақ жалпы аймақ бізге қызық», – деді Турлов.
Турловтың айтуынша, Freedom Түркиядан ірі компания сатып алуды жоспарлап отырған жоқ. Бұл – ірі қаржы ұйымын сатып алудан гөрі, лицензия алу туралы бастама.
«Қандай да бір ірі институтты сатып алудан гөрі лицензия алуға ұмтылыс басым. Осы тұрғыдан, меніңше, өз бәсекелестерімізге принциптік тәсіл тұрғысынан ұқсаймыз», – деді ол Kaspi.kz пен Түркиядағы Rabobank-ке меңзеп.
Freedom қай ұйымды сатып алғысы келеді
Freedom Holding көз тіккен банктің атауын Турлов ашып айтпады. Бірақ бұған дейін Bloomberg дереккөздерге сүйене отырып, холдингті TurkishBank AS банкімен байланыстырған.
TurkishBank – TurkishBank Group-қа тиесілі. Ол Түркияда өз қызметін 1982 жылы кипрлік TürkBankası Стамбулда филиалын ашқан кезде бастаған.
TurkishBank-тың негізгі бағыттарына корпоративтік, коммерциялық, бөлшек және жеке банк қызметтері, сондай-ақ жобалық қаржыландыру және активтерді басқару кіреді. Бұдан бөлек, топ өз филиалдары арқылы Turkish Securities атынан агенттік қызметтерді де көрсетеді.
Түркия банктер қауымдастығының мәліметінше, TurkishBank активтері 132 млн еуроны (шамамен 78,6 млрд теңге) құрайды. Банктің 6 филиалы бар және оның таза пайда көрсеткіші нөлге тең.
Салыстырар болсақ, Kaspi.kz сатып алуды жоспарлап отырған Rabobank-тың активтері 2025 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша 45 млн еуро (шамамен 26,8 млрд теңге) деп бағаланған. Банктің жалғыз филиалы бар, қызметкерлері үш есе аз және соған қарамастан ол 6 млн еуро (шамамен 3,6 млрд теңге) таза пайда тапқан.
Freedom посткеңестік кеңістікте экспансияны жалғастырып жатыр
Турловтың айтуынша, Freedom жыл сайын шамамен он шақты мәмілені жабады. Бұған қоса, бұған дейін басталған жобалардың басым бөлігі дамуын жалғастырып келеді.
Сондай-ақ жақында топ Грузияда банк ашуға рұқсат алды.
«Мен бұл да біздің посткеңестік кеңістікте жасап отырған соңғы мәмілеміз емес екеніне сенімдімін», – деді Турлов.
Freedom технологиялары – экспортқа бағытталған өнім
Турловтың айтуынша, топтың басты артықшылығы – оның технологиялары. Компания процестер және интеграцияларды қайта өңдеп, өз шешімін басқа нарыққа экспорттай алатындай қалыпқа келтіреді.
«Біздің артықшылығымыз – технологиямызды белсенді түрде экспорттау мүмкіндігі деп ойлаймын», – деді ол.
Компанияның стратегиялық мақсаты – бірыңғай технологиялық ядроға негізделген аймақтық цифрлық банктер желісін құру. Freedom Орталық Азияның «негізгі интерконнекторы» болып, өңірдің ұлттық төлем жүйелерін біріктіруді көздейді.
«Біз адамдарға бүкіл түркі әлемінде бір-біріне ақша аудару мүмкіндігін ұсынғымыз келеді. Бұл ретте батыстың немесе Ресейдегі басқа да инфрақұрылымдарға жаппай тәуелді болмауды қалаймыз», – деп атап өтті Турлов.
Freedom Holding Corp. – Орталық Азия мен Шығыс Еуропадағы жетекші брокерлік және инвестициялық холдинг. Холдингтің CEO-сы және мажоритарлық акционері – бизнесмен Тимур Турлов.
Қазақстанда холдинг Freedom Broker («Фридом Финанс» АҚ, KASE мүшесі) және Freedom Finance Global (AIX мүшесі) брендтерімен брокерлік қызмет көрсетеді. Сондай-ақ елде Freedom Bank, Freedom Insurance, Freedom Life сияқты еншілес ұйымдар жұмыс істейді.