«Ашық айту керек»: Мырзағалиев мұнай-газ елде сарқылып бара жатқанын мәлімдеді

Қазақстан Президентінің кеңесшісі Мағзұм Мырзағалиев мұнай мен газ саласы азайған жағдай қазірдің өзінде басталғанын айтып, «Kazenergy» қауымдастығына осыған байланысты тиісті ұсыныстар әзірлеуді өтінді.
«Kazenergy» қауымдастығы кеңесінің 44-ші отырысында Мырзағалиев бұрыннан айтылып жүрген бір мәселені көтерді.
«Маңғыстау облысында қазір мәселе (мұнай-газ қорының азаюы) туындап келеді. Мен Энергетика министрлігінде жұмыс істеген кезде 2024 жылдан кейін осындай проблеманың шеті көрінетінін айтатынбыз. Қазір 2025 жыл аяқталып келеді. Ол кезде Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев еді. Сол кісі екеуміз осы тақырып төңірегінде дискуссия жасағанымыз да бар. Қазіргі картинаны бізге түзеу керек. Болат Оралұлы («Kazenergy» қауымдастығының төрағасы) мен осында отырған әріптестеріме жұмысты басқарып, тиісті ұсыныстарды әзірлеуді өтінемін», – дейді ол.
Мағзұм Мырзағалиев мұнай мен газ дегенде есіне ақсақал Балтабек Құралбековтің сөзі түсетінін айтты.
«Ол маған «бәріміз қызыл көзілдірікті киіп алып, өз-өзімізді алдап жүрміз. Мұнай өндірісі артты дегенімізбен, Қашаған мен Теңізден басқа кен орындарында бұрынғыша қалып отыр» дегені бар. Қалған өндіріс азайып келеді. Сол себепті бұл мәселені ашық айтып, тиісті ұсыныстарды әзірлеуіміз керек», – дейді Мағзұм Мырзағалиев.
Каспий құбыр желісі консорциумы (КҚК) дрондар шабуылынан зақымданғандықтан, Қазақстан Қашағанда өндірілген мұнайдың бір бөлігін тікелей Қытайға сататыны бұған дейін хабарланған еді. Reuters агенттігінің жазуынша, желтоқсан айында Қазақстан алғаш рет Қытайға 50 мың тонна мұнай жеткізуді көздеп отыр. Өйткені КҚК арқылы Батысқа мұнай экспорттау шектелді.