Халықтың ақшасына салынған жол неге ақылы – Көлік министріне тосын сұрақ қойылды

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: kursiv.media мұрағаты

Үкіметте Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевқа журналистердің бірі ақылы жолдар жайлы сұрақ қойды. Нақтырақ айтқанда, министрден халықтың ақшасына салынған жол неге ақылы екенін сұрады.

«Кейбір дамыған елдерде ақылы жолмен жүру немесе тегін жолмен жүру деген таңдау бар екен. Бізде неге осындай таңдау жоқ? Халықтың ақшасына салынған жолды ақылы қылған қаншалықты әділетті?» – деп сұрады тілші.

Нұрлан Сауранбаев журналистің пікірімен келісетінін айтты.

«Сіз айтқан сөзбен толық келісемін. Конституция нормасында адамдардың еркін қозғалуына жол ашық. Бұйрықты дайындағанда, әділет министрлігіне барғанда балама жолды көрсетеміз. Бірақ мәселенің басқа жағы бар: жолға ақша көп кетеді. Жолды салған соң мемлекет соның ақшасын қайтаруы керек. Сонда ғана жолдар дұрыс болады. Бұрын Халық қоры болды. Бүкіл әлемде ауыр жүк көліктерінің жолдарға түсіретін салмағы көбірек екені ескеріледі. Ақшаны олар көбірек төлейді. Жүйесін біз де Үкіметке көрсетіп, беріп жатырмыз», – дейді ол.

Министрдің сөзінше, ақылы жүріп жатқан қаншама шетелдік жүргізушілер бар.

«Біз жолға ақшаны саламыз. Сапасын қараймыз. Жолға салынған ақшаны қайтаруымыз керек қой. Келесі жылдың басында нақты ұсыныстармен шығамыз», – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін министрлік 2025 жылдың он айында ақылы жолдар арқылы бюджетке 79 млрд теңге көлемінде түсім түскенін мәлімдеді. «Қазавтожолдың» хабарлауынша, елдегі ақылы автомобиль жолдары республикалық бюджеттен ақша алмай қызмет етеді.

Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров ел аумағында тағы қандай жолдар ақылы болатынын айтты. Сондай-ақ елде 350 шақырым ақылы жол уақытша тегін болады.

Сондай-ақ оқыңыз