«Қайрат» жастары «Олимпиакос» клубын 2:0 есебімен жеңді

Алматылық «Қайрат» U19 жастар командасы УЕФА Жастар чемпиондар лигасы аясында грекиялық Олимпиакос U19 ұжымына қарсы матчта сенімді жеңіске жетті. Кезедесу 2:0 есебімен аяқталды.
Матчтың алғашқы голы ойынның 4-минутында соғылды. «Қайрат» шабуылшысы Рамазан Бағдат есеп ашты. Екінші таймда да алаң қожайындары басымдықты сақтап қалды. 57-минутта Мұхамедәлі Әбіш «Қайраттың» екінші голын соқты.
Статистика бойынша, допқа иелік ету көрсеткіші Олимпиакос жағында болғанымен (54% қарсы 46%), Қайраттың шабуылы анағұрлым өткір болды: жалпы 21 соққы жасалып, олардың 7-і қақпаға дәл бағытталды. Қонақтар 10 соққы жасап, оның 4-еуі ғана қақпаға дәл тиді.
Айта кетейік, бүгін 9 желтоқсан күні сағат 20:30 да «Қайрат» пен «Олимпиакос» негізгі құрамалары ойнайды. Ойынның тікелей трансляциясын Qazaqstan арнасы көрсетеді.