Жаңалықтар

«Қазавтожол» 350 шақырым ақылы жолды тегін етпек

Фото: kursiv.media мұрағаты

Қазақстанда 350 шақырым автожол ақауларына байланысты уақытша тегін болады.

Үкіметтегі баспасөз мәслихатында «Қазавтожол» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев жұмыс тобы ақылы жолдардың жай-күйін тексеруді аяқтағанын айтты.

Оның сөзінше, бүгінде бүкіл ақылы жолдардың шамамен 350 шақырымында ақаулар анықталған. Осы тізім өкілетті орган – Автомобиль жолдары комитетіне жіберілген.

«Қазір үйлестіру жұмыс жүргізіліп жатыр, тиісті бұйрық шығарылады. Ол жайында қосымша хабарлаймыз», – деді Дархан Иманашев.

Компания басшысының мәліметінше, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2 000 шақырым ақылы жолдың шамамен 350 шақырымы уақытша тегін болады. Пайдалануға берілгеннен кейін аталған учаскелерді қайтадан ақы алына бастайды.

Айта кетейік, 2025 жылдың басынан бері ел бойынша ақылы жолдардан 70 млрд теңге қаржы түскен. «Қазавтожолдың» хабарлауынша, елдегі ақылы автомобиль жолдары республикалық бюджеттен ақша алмай қызмет етеді. Сондай-ақ Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров ел аумағында тағы қандай жолдар ақылы болатынын айтты.