Стоматологияны қойып, енді зейнетақы қаржысын пластикалық операцияға ала бастады

Жарияланды 9 Желтоқсан 2025 14:12

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

​​General news бөлімінің редакторы a.abitay@kursiv.media
пластикалық операция
фото: ашық дереккөзден

2025 жылдың қарашасында зейнетақы қорына қалпына келтіру операциялары яғни пластикалық операциялар үшін деп 2 277 сұраныс түскен. Олардың жалпы сомасы – 2.1 млрд теңге. Бұл жайлы ашық деректерге талдау жүргізген Бірінші кредиттік бюро жазады.

Өткен аймен салыстырғанда көрсеткіштер шамамен 33 және 39 есеге өсті. Бұған дейін зейнетақы қаражатын пластикалық операциялар үшін алу танымал болмаған еді. 

Жалпы, қыркүйекте стоматология бойынша өтінім қабылдау тоқтатылғаннан кейін емделуге арналған басқа бағыттарға күрт сұраныс өскені байқала бастады.

Мәселен, «тіс» саласына тыйым салынғаннан кейін офтальмология бойынша көрсеткіштер күрт өсе бастады. Алайда офтальмологияда да мәселе бар екені анықталды. Желтоқсанда «Отбасы» бұл бағыттағы өтінімдерді қабылдауды да тоқтататынын мәлімдеді. Себеп – күмәнді өтінімдер қайта көбейген.

Соған қарамастан, қарашада офтальмология мақсатында шамамен 9,8 мың өтініш орындалған, жалпы сомасы – 8,4 млрд теңге. Бірақ бұл көрсеткіштер қазандағыдан шамамен үштен бір төмен. Әрі бұған қоса бұрын орындалған өтініштер бойынша қайтарулар да көбейді. Негіз болатын себептің бірі – қаражатты мақсатсыз пайдалану.

Айтпақшы, стоматология бойынша да өтінішті кері қайтарып жатыр, ал жаңа өтініштерге екі ай бойы рұқсат берілмей келеді. Әзірге пластикалық операцияларға қатысты қайтару үлесі әзірге төмен күйінде қалып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз