Тимур Турлов: «Қазір орта бизнеске өте қиын болып жатыр»

Жарияланды 9 Желтоқсан 2025 16:42

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

​​General news бөлімінің редакторы a.abitay@kursiv.media
Фарид Велиев

Фарид Велиев

фото: Freedom Holding Corp баспасөз қызметі

Пайыздық мөлшерлеменің өсуі, салықтық жүктеменің көбеюі және көлеңкелі импорт тарапынан бәсекелестік Қазақстандағы орта бизнестің жағдайын қиындатып жатыр. Freedom Holding Corp мажоритарлы акционері және CEO-сы Тимур Турлов осылай деді.

Бизнесменнің сөзінше, жоғары базалық мөлшерлеме бірінші кезекте корпоративтік сегментке қатты ықпал етіп жатыр. Әсіресе, кәсібі несиеге қатысты компанияларға, оның ішінде сатушыларға ерекше білінеді.

«Бөлшек сауданы нарықтық несие есебінен қаржыландыратын сатушыларға қарайық. Қазір олар қандай әрекетке барса да, жағдайы қиын. Нарықтық мөлшерлемені төлеу тым қымбатқа түсіп отыр. Олар осы шығынды өз есебінен төлеуге дайын емес», – деді Турлов.

Келесі жылдан бастап ұйымдасқан ритейл қазіргі 12% орнына 16% ҚҚС төлейтін болады, оған қоса ұжымдық табыс салығы мен еңбекақы қоры бар. Бұл орта бизнестің жүгі, ал шағын бизнеске дәл мұндай салық қысымы жоқ.

«Олар (орта бизнес-ред.) импорт таситын, бірақ сол 16%-ды мүлде төлемейтін кәсіпкерлермен бәсекеге түсіп отыр», – деді бизнесмен.

Бұл жағдай біртіндеп ірі ұйымдасқан ритейлдің жоғалуына әкелетінін атап өтті. Турлов сөзінше, онлайн-сауда дамып жатқан тұста көпшілік желілер бәсекеге шыдай алмай жатыр.

Орта бизнеске ауыр жүк түскелі тұр

Қазір орта бизнестің жағдайы ауыр, себебі шығындар инфляциядан да көбірек өсіп барады. Және мәселе тек орта бизнеске ғана емес ірі бизнеске де қатысты болып тұр. Турловтың байқауынша, келесі жылдың басында ірі ритейлге түсетін жүк күшейе түседі. Себебі салық көбейеді, көлеңкелі нарықтың да үлесі артқалы тұр. Мысал ретінде смартфондар нарығын айтуға болады.

«Барлық iPhone-ның 70-80%-ын шағын бизнес кіргізеді. Ал сіздер білетін ірі желілер 20-30%-ын ғана әкеледі әрі одан ҚҚС төлейді. Бұл жерде қызық дисбаланс бар, негізі былай жұмыс істемеуі тиіс. Яғни біз шағын және орта бизнестің жеңілдігін көлеңкелі нарық үлесін көбейтуге пайдаланбауымыз керек», – деді Турлов.

Бүгін кәсіпкер Тимур Турлов журналистерді жинап, кездесу өткізді. Бұл жиында түрік нарығына шығу мүмкіндігін зерттеп жатқанын да айта кетті.

Freedom Holding Corp. – Орталық Азия мен Шығыс Еуропадағы жетекші брокерлік және инвестициялық холдинг. Қазақстанда холдинг Freedom Broker («Фридом Финанс» АҚ, KASE мүшесі) және Freedom Finance Global (AIX мүшесі) брендтерімен брокерлік қызмет көрсетеді. Одан бөлек Freedom Bank, Freedom Insurance, Freedom Life сияқты еншілес ұйымдар жұмыс істейді.

Сондай-ақ оқыңыз