Алматы облысында трактор шығаратын зауыт салынады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
трактор Алматы облысы жәрмеңке
Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіндегі тракторлар / фото: gov.kz

Алматы облысында трактор шығаратын зауыт салынады. Жергілікті билік ауыл шаруашылығы техникасы туралы меморандумға қол қойды. Бұл туралы Kursiv.Media өңір әкімдігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлады.

Облыс әкімдігінің дерегінше, Alatau Investment Forum аясында жалпы құны 776 млрд теңгеден асатын 16 меморандум қабылданды. Құжаттар өнеркәсіп, агросектор, логистика, энергетика және туризм бағыттарын қамтиды.

«Келісімдер аясында халықаралық құрылыс компаниясының жобасы, LED-экрандар өндірісі, трактор шығаратын зауыт, ірі индустриалды-логистикалық кешен және заманауи көтерме-тарату орталығы іске асырылмақ», – деп таратты өңір билігі.

Әкімдік мәліметінде трактор зауытын нақты кімдер, қаншаға салатыны көрсетілмеген.

Облыс басшысы Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, өңір жалпы құны 6,2 трлн теңгенің 216 жобасын бақылауда ұстап отыр.

«Олардың жүзеге асуы 80 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. 72 жоба шетел капиталының арқасында іске асып жатыр, құны – 3,9 трлн теңге», – дейді әкім.

Форумға қатысқан 300-ден астам инвестордың арасында Қытай компанияларының өкілдері, Циндао қаласы әкімінің орынбасары Гао Цзянь бар. Оның айтуынша, екі өңір автомобиль өндірісі, жоғары технология, жасыл энергетика, биомедицина, сауда және логистика салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыра алады.

Бұған дейін Kursiv.Media Алматы облысында 71 млрд теңгеге чипс шығаратын зауыт салынатынын жазған. Орталық Азиядағы ең үлкен кәсіпорын жергілікті шикізатты пайдаланады.

Сондай-ақ оқыңыз