
Қазақстанда доллар қайтадан көтеріліп жатыр. 9 желтоқсанда елдегі валюта айырбастау мекемелерінде 1 АҚШ доллары 521 теңгеден сатыла бастады.
Қазақстан қор биржасында (KASE) доллар қымбаттады. Бір күн бұрын биржадағы валюта саудасы 511 теңгемен жабылған. Ал бүгін, 9 желтоқсанда, KASE-дегі күндізгі сауда барысында, сағат 12:00-дегі мәлімет бойынша, 1 доллар 514,43 теңге болды.
2025 жылғы 3 желтоқсаннан бері АҚШ валютасы шамамен 12 теңгеге күшейді. Өткен аптаның басында көк ақша 500 теңгеге дейін түскен еді.
Түскі сағат 12:00-дегі мәлімет бойынша, биржада 152 млн долларға валюта саудасы жасалды.
Бұл уақытта елдегі екінші деңгейлі банктер мен валюта айырбастау мекелерінде де доллар көтерілді. Банктер доллар бағамын 514-515 теңге аралығында белгілесе, айырбас мекемелерінде көк ақша 521 теңгеден сатыла бастады.
Kurs.kz мәліметінше, Алматы қаласындағы айырбас пунктерінде 1 доллар 517 теңгеден қабылданып, 519 теңгеден сатылып жатыр. Астана қаласында, әдеттегідей, бағам сәл жоғары – 514 және 521 теңге.