Медеу мұз айдынын жөндеу қашан аяқталады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Медеу мұз айдыны жөндеу жұмысшы құрылысшы
фото: gov.kz

Алматы тұрғындары мен қала қонақтарының сүйікті орындарының бірі – Медеу кешені жөнделіп жатыр. Әлемдегі ең үлкен жасанды мұз айдынында биыл да, 2026 жылы да сырғанай алмаймыз.

Қашан ашылады

«Медеу» биік таулы спорт кешенін жаңарту жұмыстары 2027 жылы төртінші тоқсанда ғана аяқталады. Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бір күн бұрын мегаполис әкімі Дархан Сатыбалды тауға көтеріліп, Медеудегі жөндеу жұмыстарымен танысты.

«Қала басшысы жаңғырту кезінде Алматының спорттық және мәдени мұрасының бір бөлігі саналатын аңызға айналған мұз айдыны кешенінің тарихи келбеті толық сақталатынын атап өтті», – деп таратты әкімдік.

Медеу Алматы әкімі Дархан Сатыбалды
фото: gov.kz

Не өзгереді

Айдында жаңа тоңазытқыш жабдығы орнатылады. Бұған қоса, инженерлік коммуникацияны толық ауыстырғалы жатыр.

Шығыс қанаттағы қонақ үй жаңартылып, батыс трибунада кофеханалар мен демалыс аймағы орналасқан терраса жасалады. Кешен алдында жерасты паркингінің үстінде «SUN-DECK» аталатын көпфункционалды қоғамдық кеңістік форматындағы демалыс аймағы пайда болады.

Іргелес аумақты көркейтуге ерекше көңіл бөлінген: жаяу адамдар аймағы, шолу алаңдары және панорамалық нүктелер жасалады. Сонымен бірге көгал төселіп, жарық орнатылады.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін екі жеделсаты қарастырылған.

Медеу мұз айдыны Алматы жөндеу
фото: gov.kz

Медеу мұз айдыны теңіз деңгейінен 1691 биіктікте орналасқан. Жасанды айдын көлемі – 10,5 мың шаршы метр.

2025 жылғы қарашаның аяғынан бастап Медеуге тағы бір автобус қатынай бастады. Ал Шымбұлақта жаңа мұз айдыны іске қосылды.

Сондай-ақ оқыңыз