Қазақстан Қашаған мұнайының бір бөлігін Қытайға сатады

Каспий құбыр желісі консорциумы (КҚК) дрондар шабуылынан зақымданғандықтан, Қазақстан Қашағанда өндірілген мұнайдың бір бөлігін тікелей Қытайға сатады. Бұл туралы Reuters екі дереккөздің мәліметіне сүйене отырып хабаарлады.
Дереккөздердің айтуынша, желтоқсан айында Қазақстан алғаш рет Қытайға 50 мың тонна мұнай жеткізуді көздеп отыр. Өйткені КҚК арқылы Батысқа мұнай экспорттау шектелді.
Қазір консорциум жағалауда орнатылған мұнай айдау құрылғысының біреуін ғана пайдаланып отыр. Себебі үш құрылғының бірі дрондар шабуылынан зақымданса, тағы біреуі жөнделіп жатыр.
Қашаған мұнайы Қытайға Атасу-Алашанькоу құбыры арқылы жеткізіледі. Кен орнында мұнайды NCOC консорциумы өндіреді. Оның құрамындағы CNPC қытай компаниясы 30 мың тонна, ал Inpex жапон компаниясы 20 мың тонна мұнайды Қытайға жөнелтеді.
Екі компания да Reuters сауалдарына тез жауап бере қоймаған. Қазақстан энергетика министрлігі әзірге Қашаған мұнайын Қытайға жөнелту туралы мәлімет жарияламады, бірақ қосымша бағыттар іздестіріп жатқанын мәлімдеп үлгерді.
Атасу-Алашанькоу мұнай құбыры Қазақстаннан Қытайдың Шыңжаң өлкесіне дейін созылып жатыр. Онымен негізінен басқа да кен орындарындағы мұнай экспортталады. Ал Қашағанда шығарылған шикізаттың көп бөлігі КҚК арқылы батысқа тасылады.
Reuters мәліметінше, қазір Атасу-Алашанькоу құбыры арқылы бір айда шамамен 85-89 мың тонна мұнай ағып жатыр. Оның көлемі қосымшы мұнай экспорты есебінен көбеюі мүмкін. Қазақстан 2025 жылы осы құбырмен 1 млн тонна мұнай сатуды көздейді. Былтыр Атасу-Алашанькоу арқылы 1,2 млн тонна шикізат тасылған. Дереккөздер мәліметінше, биыл алғашқы он айда 0,858 млн тонна мұнай экспортталған.