Қытай инвесторлары қазақ көмірінен газ өндіреді

Қытай инвесторлары қазақ көмірінен газ өндіретін жобаны жүзеге асырғысы келеді. Бұл туралы Энергетика министрлігінде өткен кеңесте сөз болды.
Министрлік мәліметінше, Shandong Energy Group көмірден газ өндіру жобасын ұсынып отыр. Ол Қытайдың мемлекеттік ірі энергетикалық корпорациясы. Көмір химиясы, электр энергиясы, логистика және машина жасаумен айналысады.
Бұған қоса, энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов өткізген кеңесте CHN Energy Development Co. Limited қытай компаниясы Қазақстанда көмір-химия кешенін салғысы келетіні айтылды. CHN Energy Қытайда көмір өндіру жөнінен бірінші орында тұрған ірі корпорация.
Инвесторлармен кеңеске Қазақстан жағынан «Самұрық-Энерго», «Qarmet», «Богатырь Көмір», сонымен бірге «QazaqGaz» ғылыми орталығы, «Еуразиялық топ» және мұнай-газ химиясы қауымдастығы қатысты.
«Энергетика министрлігі, мүдделі мемлекеттік органдар және ұйымдармен бірлесіп, көмір-химия өнеркәсібін дамытуға бағытталған болашағы зор бағыттарды бағалау және жобаларды талдау жұмыстарын жүргізіп жатыр», – делінген министрлік мәліметінде.
Кеңес соңында көмір химиясын дамыту жөніндегі жұмыс тобының құрамы жаңартылып, қытайлық инвесторлармен бірлескен нақты жобалар айқындалды. Сонымен бірге саланың дамуын тежеп тұрған факторларды жүйелі шешу бойынша іс-қимыл жоспары әзірленді. Министрлік жұмыс тобын, инвесторларды және технологиялық әріптестерді тұрақты түрде жинап отырады.
Бұған дейін Kursiv.Media Қашағанда өндірілген мұнайдың бір бөлігі Қытайға жөнелтіліп жатқанын жазған. Бұл уақытта Алматы қаласында қытай туристері күрт көбейді.