Тимур Турлов: өзіндік құны тым қымбат ипотека 2026 жылы да қысқара береді

Жарияланды 9 Желтоқсан 2025 15:50

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Фарид Велиев

Фарид Велиев

Тимур Турлов
фото: Freedom Holding Corp. баспасөз қызметі

2026 жылы Қазақстанда нарықтық ипотека көлемі одан сайын азая түседі. Өйткені оның өзіндік құны өсіп, банктер үшін де тым жоғары болып барады. Freedom Holding Corp компаниясының бас директоры әрі негізгі акционері Тимур Турлов Алматыдағы басқосуда осылай деп мәлімдеді.

Нарық мемлекет қолдауынсыз ипотека беруді іс жүзінде тоқтатты

Турловтың пікірінше, кейінгі жылдары нарық толығымен мемлекеттік бағдарламалардың арқасында ғана күн көріп келеді.

«Елдегі ипотеканы кейінгі жылдары мемлекеттің қолдау бағдарламалары анықтап отыр. Шынымды айтсам, мен портфельдер айтарлықтай қысқарады деп есептемеймін. Өйткені былтырғы бағдарламалар жаппай қысқарып жатқан жоқ», – деді ол.

Дегенмен, Турловтың айтуынша, жеке банктер беретін нарықтық ипотека үлесі жыл сайын азайып барады.

«Екінші деңгейлі банктер арқылы берілетін кредиттер тұрақты түрде жыл өткен сайын азайып келеді», – деді кәсіпкер.

Отбасы банк мемлекет қаржысымен күшейді

Турловтың айтуынша, бюджет қаражатының көп бөлігін Отбасы банк алады, сол себепті ипотека нарығында шешуші рөл атқарады.

«Отбасы банктің рөлі тек сол банкке ғана эксклюзивті түрде бөлінетін мемлекет қаражаты көлемімен бірге артып келеді. Заңды құбылыс», – деді ол.

Оның қызметін екінші деңгейлі банктер де тиімді жүзеге асыра алар еді деп есептейді кәсіпкер.

«Өзіміздің екінші деңгейлі банктер ипотека беруді өте жақсы біледі. Сол себепті теңдей бөліске әбден лайық. Біз оны жылдам әрі клиенттерге ыңғайлы етіп, бағасын да өсірмей жасай алар едік», – дейді Турлов.

Ипотеканың өзіндік құны 20%-ға жақындап қалды

Турлов нарықтық ипотека банктер үшін тым қымбаттап барады деп есептейді. Өйткені оның өзіндік құны өсіп жатыр.

«Ипотеканың өзіндік құны ҚНРДА енгізгісі келген шекті мөлшермен шамалас болып тұр. 20% мөлшерлеме туралы сөз болған еді. Қателеспесем, сол күйі қабылданбай қалды, бірақ көптеген банк үшін ипотеканың өзіндік құны қазірдің өзінде 20%-дан жоғары», – деді ол.

Кәсіпкер қазір кредит беру сирегенін, оның өзінде бірнеше айға қысқа мерзімге немесе құрылыс компанияларымен бірлесіп, бір бөлігін соларға өтеткізу арқылы ғана рәсімделетінін айтты.

2026 жылы ипотека одан сайын азаяды

Турлов базалық мөлшерлеме 18%, ал мемлекет бағдарламалар ұлғаймаған жағдайда нарық одан әрі қысқара береді деп есептейді.

«2026 жылы да базалық мөлшерлеме 18% болса, ипотека бағдарламаларының кейбірі қысқаруы мүмкін», – деді ол.

Дегенмен оның тұрғын үй бағасына айтарлықтай әсер болмайды.

«Ипотека қазірдің өзінде жоқтың қасы. Одан сайын азайғанымен, оның әсері бола қоймас», – деп түйіндеді Турлов.

Freedom Holding Corp. – Орталық Азия мен Шығыс Еуропадағы жетекші брокерлік және инвестициялық холдинг. Компанияның бас директоры әрі негізгі акционері – кәсіпкер Тимур Турлов.

Холдинг Қазақстанда Freedom Broker («Фридом Финанс» АҚ, KASE-де тіркелген) және Freedom Finance Global (AIX-те тіркелген) арқылы брокерлік қызмет көрсетеді. Елде Freedom Holding Corp-тың басқа да еншілес компаниялары жұмыс істейді. Соның ішінде Freedom Bank, Freedom Insurance және Freedom Life сақтандыру компаниялары және тағы басқа да мекемелері бар.

Сондай-ақ оқыңыз