Жол салуға жаңа дрон технологияларын қолдануы мәселесі талқыланды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Аэрофототүсірілім мен лазерлік сканерлеу технологиялары геодезиялық зерттеулерді жылдам жүргізуге септігін тигізеді / фото: KursivMedia мұрағаты
Аэрофототүсірілім мен лазерлік сканерлеу технологиялары геодезиялық зерттеулерді жылдам жүргізуге септігін тигізеді / фото: KursivMedia мұрағаты

Жол инфрақұрылымын жаңғырту үшін заманауи технологияларды енгізу мәселелері өзекті.

Қазақстан мен Азия даму банкінің өкілдері көлік министрлігінде бұл жайты талқылауға бағытталған семинар өтті.

«Кездесу барысында негізгі назар – автожолдарды жобалау, мониторинг және құрылыс процесінде пилотсыз дрондарды пайдалану мәселесі болды. Келіссөз барысында тараптар дрондарды қолданудың құрылыс үдерісін тиімді әрі ашық жүргізуге мүмкіндік беретінін атап өтті», – делінген хабарламада.

Аэрофототүсірілім мен лазерлік сканерлеу технологиялары геодезиялық зерттеулерді жылдам жүргізуге, материалдардың сапасын қадағалауға, құрылыс қарқынын бақылауға және жобалық шешімдерден ауытқуларды уақтылы анықтауға септігін тигізеді.

Қазақстан тарапы бұл жаңашылдық жол инфрақұрылымын цифрландыру және объектілердегі қауіпсіздікті арттыру стратегиясының бір бөлігі екенін атап өтті.

Банк өкілдері болса, ірі көлік дәліздерін салуда пилотсыз жүйелерді қолдану тәжірибесімен бөлісіп, технологиялық ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін растады.

Тараптар инновациялық шешімдермен алмасуды жалғастыруға және Қазақстанның автожол саласындағы нысандарында бірлескен пилоттық жобаларды іске асыру мүмкіндігін қарастыруға уағдаласты.

Мұның алдында депутаттар әскерге барғысы келмейтін жастарға дрон басқаруды үйретуді ұсынған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз