Тұрғын үй кезегінен шығып қалмау үшін не істеу керек

Елімізде тұрғын үйді үлестіру процесі баяу жүруде, себебі кезекте тұрғандардың көбісі жеке деректерін жаңартуға келіспей жатыр. Жүйе келесі жылға өтпес бұрын, алдыңғы жылғы кезектегі азаматтармен жұмыс толық аяқталуы қажет.
Осы мәселені шешу үшін жаңа ереже енгізілді: егер кезектегі азамат жеке деректерін өңдеуге келісім бермесе, ол автоматты түрде өткізіп жіберіледі.
«Біз жаңа ережелерді қабылдадық, олар 8 желтоқсаннан бастап заңды күшіне енеді. Егер адам 5 күн ішінде жеке деректерін өңдеуге келісім бермесе, біз тізімдегі келесі кезектегі азаматты көтереміз. Яғни, кезек алға жылжиды», — деді Отбасы банк басшысы Ләззат Ибрагимова.
Осылайша, Қазақстандағы тұрғын үйге кезек едәуір қысқаруы мүмкін және шын мәнінде мұқтаж адамдар баспананы тезірек ала алады.
Банк өкілдерінің сөзіне қарағанда, сандар өзгергенде көп адамдар кезегім артқа жылжыды деп ойлайды. Бірақ оның маңызы жоқ. Бұдан кезек өзгермейді. Маңыздысы – кезекке тұрған жыл. Өйткені, кезек жылға қарай жылжиды.
Қазіргі кезде жеңілдетілген тұрғын үй кезегінде 642 мың қазақстандық тұр, бірақ олардың тек 14%-ы (92 092 адам) ғана деректерін жаңартып, баспанаға құқығын растаған.
Деректерді қалай жаңартуға болады:
1. orken.otbasybank.kz порталына кіріңіз.
2. Жеке деректерді жинауға және өңдеуге келісімді ЭЦҚ арқылы растаңыз.
3. Мобильді азаматтар базасындағы телефон нөміріңіздің дұрыс екендігін тексеріңіз. Бұл қызмет eGov.kz порталы арқылы қолжетімді.