Дипломатиялық арналар арқылы жұмыс жүргіземіз – СІМ КҚК-ға шабуыл жайлы

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: КҚК

Қазақстан Украина тарапынан Каспий құбыр консорциумының (КҚК) нысандарына жасалған шабуылға қатысты жағдайға пікір білдірді. ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, бұл мәселе Венада Қазақстан сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев пен Украина сыртқы істер министрі арасындағы кездесуде қозғалған.

Смадияровтың айтуынша, әңгіме ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы кезінде де болған.

«Егер мұқият тыңдасаңыздар, мен бұған дейін де атап өттім: Қазақстанның сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Венаға сапары барысында украиналық әріптесімен қысқа кездесу өткізді. Мен кездесудің өзінде болмадым, бірақ жақын жерде жүрдім. КҚК мәселесі міндетті түрде талқыланды деп сенемін», – деді министрлік өкілі.

Ол бұл тақырыпқа қатысты Қазақстан тарапынан қосымша ашық пікір берілмейтінін атап өтті.

«Украина жағымен байланыстамыз, әрі қарай да жабық дипломатиялық арналар арқылы жұмыс жүргіземіз», – деп қосты Смадияров.

29 қарашада Украинаның дрондары мұнай құбырына шабуыл жасап, теңіз терминалындағы бірнеше нысанға зақым келген.

Бұл жайтқа қатысты Қазақстан Украинаға наразылық білдірді. Алайда Украина мұнай құбырына жасалған шабуыл Қазақстанға бағытталмаған деп мәлімдеді.

Каспий құбыр концорциумы терминалы зақымданғаннан кейін экспорт шектеліп, Қазақстанның мұнай өндірісі азайды. 

Сондай-ақ оқыңыз