2026 жылы жол ережесін бұзғандар қандай айыппұл төлейді

2026 жылы айлық есептік көрсеткіштің өсуіне байланысты жол ережесін бұзғаны үшін айыппұлдар мөлшері өседі.
Айта кетейік, үш жылдық бюджет туралы жаңа заңда 2026 жылға арналған АЕК көлемі 4 325 теңге болып бекітілді. Осы көрсеткіш аясында барлық әкімшілік айыппұлдар да автоматты түрде өседі.
Өзгерістер кішігірім құқықбұзушылық жасаған жүргізушілерге де, техникалық қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзатындарға да әсер етеді.
Жылдамдықты арттырғаны үшін салынатын айыппұл мөлшері
Жылдамдықты арттыру жол-көлік оқиғаларының жиі кездесетін себептерінің бірі болып табылады. Бұл үшін айыппұлдар 2026 жылдан бастап өседі:
- 10–20 км/сағ – 5 АЕК (21 625 теңге)
- 20–40 км/сағ – 10 АЕК (43 250 теңге)
- 40–60 км/сағ – 20 АЕК (86 500 теңге)
- 60 км/сағ және одан жоғары – 40 АЕК (173 000 теңге)
Жиі жасалатын қарапайым бұзушылықтар
Көлік жүргізушілері жиі жіберетін қарапайым бұзушылықтарға жүргізуші куәлігінің болмауы, сақтандырусыз жүру, қауіпсіздік белдігін тақпау немесе телефон қолдану жатады. Сондай-ақ, алдыңғы терезелерді қараңғылау және техникалық тексеруден өтпеген көлікті басқару да осы қатарға кіреді.
Бұл ережелердің барлығын бұзған жағдайда біріңғай айыппұл мөлшері – 5 АЕК (21 625 теңге).
Қауіпсіздікке әсер ететін өрескел заң бұзушылықтар
Жолда кейбір әрекеттер өзге қатысушылар үшін жоғары қауіп төндіреді. Сондықтан мұндай бұзушылықтар үшін айыппұл көлемі көбірек:
- 10 АЕК (43 250 теңге) – нөмірсіз көлік жүргізу, рұқсат етілмеген жерге тоқтау, тыйым салынған жерде артқа жүру, қызыл жарыққа немесе реттеушінің белгісіне бағынбау, теміржол өткелдерінен өту ережесін сақтамау.
- 15 АЕК (64 875 теңге) – басымдыққа ие көлікке жол бермеу, тротуармен немесе жол жиегімен жүру, сондай-ақ техникалық ақауы бар немесе рұқсатсыз қайта жабдықталған көлікті басқару.
Ең жоғары айыппұл қандай жағдайда салынады
Кейбір жол ережесін бұзған жағдайлар үшін ерекше қатаң жазалар белгіленген:
- Жол, инфрақұрылым нысандары немесе өзге мүлікті зақымдау (ЖҚЕ бұзуы салдарынан) – 20 АЕК
- Полиция қызметкерінің тоқтау талабына бағынбау – 30 АЕК
- Жалған мемлекеттік нөмірмен жүру – 20 АЕК
- Жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу– 50 АЕК (тізімдегі ең ірі айыппұл)
Айта кетейік, айлық есептік көрсеткіш (АЕК) жыл сайын макроэкономикалық параметрлерге сәйкес қайта қаралады. 2026 жылы бұл көрсеткіш 393 теңгеге өседі.