
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов балалардың смартфондар мен ойын қосымшаларын пайдалану тәсілін қайта қарауға шақырды.
Мәжіліс кулуарында депутат Асхат Аймағамбетов смартфондар мен ойын платформаларының балалардың психикалық және эмоционалдық жағдайына әсері туралы мәселені көтерді. Ол мобильді құрылғылардың зейінді шашырататынын, ұйқыны бұзатынын, тәуелділік туындатуы мүмкін екенін атап өтті.
Депутаттың сөзінше, мәселені жай тыйыммен шешу мүмкін емес. Балаларды қорғауға әрі дамытуға бағытталған кешенді шаралар қажет.
«Өкінішке қарай, осы жүйелердің бәрі балалардың назарын шоғырландыруына кедергі келтіреді. Ұйқыға, дамуына өте кері әсер етеді, депрессияны күшейтуі мүмкін. Сондықтан біз тыйым туралы емес, кешенді шаралар туралы айтуымыз керек: цифрлық гигиена, білім беру контентін көбейту, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырған жөн», – деді Аймағамбетов.
Ол қауіп тек контентті шектен тыс тұтынудан ғана емес, нақты ойын платформаларынан да туындап отырғанын атап өтті.
Депутаттың айтуынша, АҚШ пен Ұлыбританияда танымал ойындар арқылы педофилдер кәмелетке толмағандармен байланысқа шығып, қылмысқа барған жағдайлар тіркелген.
Аймағамбетов смартфондарды тым ерте және бақылаусыз пайдалану балалар үшін қауіп көзіне айналады деп есептейді. Оның сөзінше, 5-9 жас аралығындағы балалардың TikTok-та сағаттап лента айналдырып отыруына болмайды. Ал мектеп гаджеттер кесірінен жоғалтқан әлеуметтендіру қызметін қалпына келтіруі маңызды.
«Қазір әркімнің қолында смартфон бар. Біз, іс жүзінде, баланың қолына сіріңке беріп отырмыз. Бұл – қауіпті. Бұл олардың қалтасында ойын автоматы жүргенмен бірдей. Ол тәуелділік тудырады. ЖИ дәуірінде балалардың бір-бірімен тілдесіп, қарым-қатынас жасауы өте маңызды, тек экрандарымен ғана шектелмеуі керек», – деп атап өтті депутат.
Аймағамбетов мектептерде телефон пайдалануды шектеу мүмкіндігін, үйірмелер мен секцияларды дамытуды, сондай-ақ цифрлық сауаттылық пен кибергигиена бағдарламаларын күшейтуді ұсынды.
Айта кетейік, бұған дейін Аустралия жасөспірімдерге әлеуметтік желіге кіруге ресми тыйым салғанын жазған едік. Аустралия 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға шектеу қойған әлемдегі алғашқы мемлекет болды. Енді жасөспірімдер TikTok, YouTube, Instagram және Facebook сияқты платформаларды еркін пайдалана алмайды.
Ал Жасанды интеллект министрлігі балалардың телефон пайдалануына қарсы емес, ондай шектеулерді құптай бермейді.