Жаңалықтар

Алматыда қалың қар жауып, қалада 10 балдық кептеліс пайда болды

Фото: shutterstock

Алматыда таңертең басталған қар аралас жауын салдарынан жолдарда ахуал күрт нашарлап, қала бойынша қозғалыс қарқыны төмендеді. Жол қозғалысын бағалау жүйесінде Алматы көшелеріндегі жүктеме 10 балға дейін көтерілді.

Көлік санының артуы, тайғақ жолдар және ауа райының тұрақсыздығы негізгі магистральдарда ұзақ кептелістердің пайда болуына себеп болды. Жүргізушілер 2ГИС сервисінде жолдарда көп тұрып қалғанын жазып, қала ішіндегі қозғалыстың айтарлықтай баяулағанын жазып жатыр.

Қаланың орталық бөлігі: Райымбек, Сәтбаев, Абай, Желтоқсан, Сейфуллин, Төле би және Жібек жолы көшелерінде қызыл сызықтар басым. Кей жерлерде қозғалыс мүлде тоқтап қалған.

Сонымен қатар ауа райының қолайсыздығы такси бағасының күрт қымбаттауына да әсер етті. Таңғы уақытта такси қызметтерінде тариф бірнеше есе көтерілгені байқалды. Қала тұрғындары әлеуметтік желілерде қарапайым бағыттардың өзі әдеттегіден қымбаттап кеткенін айтып отыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін 10 желтоқсанға арналған ауа райы болжамын жазған едік.