Бизнестегі бақталастық па, қылмыс па: машинистер не үшін 7 жылға сотталмақ

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Қылмыстық құрам табылмай жабылған іс қайта көтерілді, бұған қатысты бір нұсқа айтылды / фото: Шадияр Өстемір
Қылмыстық құрам табылмай жабылған іс қайта көтерілді, бұған қатысты бір нұсқа айтылды / фото: Шадияр Өстемір

2021 жылы «ЖелДор Транс-Актобе» ЖШС-ға қарасты пойыз жаяу жүргінші әйелді қағып кеткен. Әйел екпінмен он метрге дейін ұшып түскен.

Өкінішке қарай, ауыр соққыдан жан тапсырған. Пойыз оқиға орнынан 400 метр жерге барып тоқтаған. Қылмыстық іс қозғалып, тексеру басталған. «Қылмыстық құрам» болмаған соң, іс жабылған. Алайда, арада екі жыл өткен соң, қайта қозғалып отыр.

Екі машинистке айып тағылды. Адвокаттарының айтуынша, олар 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Алайда, баспасөз мәслихатында қайта көтерілген істің артында бизнестегі бақталастық тұруы мүмкін екені айтылды.

Мақсұт Досниязовтың уәжі

Мақсұт Досниязов өзінің ешқандай кінәсі болмағанын, барлық талаптарды мүлтіксіз орындағанын алға тартты.

 «Қазір мені түрмеге отырғызбақшы. 2021 жылы 4 қазан айында болған оқиға үшін. Теміржол – ерекше қауіпті аймақ. Ол жерде адамдардың болуына тыйым салынған. Олар үшін арнайы салынған көпірлер, жаяулар өткелдері болады. Бұл оқиғада мені және көмекшімді кінәлі етіп шығарды. Біз бекітілген график бойынша қозғалдық. Нормативті жылдамдық шегінде жүргіздік. Барлық инструкцияларды сақтадық», – дейді машинист.  

Оның сөзіне қарағанда, үлкен локомотивті бірден тоқтату мүмкін емес. Айтуынша, мұны кез келген маман растап бере алады.

«Жылдар өткен соң, мен болдырмауға мүмкіндігім жоқ нәрсе үшін мені айыптап жатыр. Бұл маған ғана емес, Қазақстандағы барлық машинистерге қатысы бар дүние. Қауіпті аймақта қайғылы жағдай болса, онда машинист кінәлі болып шығады. Ертең ереже бұзбай, тәртіп бойынша жұмысын атқарған машинист те тергеуге ілігуі ғажап емес», – дейді Мақсұт Досниязов.

Теміржолшылардың көзімен оқиға қалай болған

Теміржолшы Болат Мұқтиев оқиға қалай болғанын айтып берді. Оның пікірінше, бұл жерде машинистер кінәлі емес.

«Теміржолда 30 жыл жұмыс істеп келемін. Ережені бұзу ауыр салдарға әкеледі. Кесіп өтуге қатаң тыйым салынған, ескерту белгілері қойылған аймақта жолаушылар пойызы мен жолаушы қақтығысқан. Жүргінші алдында қауіпсіз қашықтықта болған. Бірақ белгіленбеген жерден пойыз жақындап қалған кезде дереу теміржолды кесіп өтпек болған. Машинист Досниязов пен Теміров барлық амалды жасаған. Бірақ қақтығысты болдырмау мүмкін емес еді. Өйткені, арақашықтық тым қысқа болды», – дейді.

Оның айтуынша, оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тексерістен кейін «қылмыстық құрам» болмаған соң, іс жабылған. Бригаданың ереже бұзғаны анықталмаған. Алайда арада екі жыл өткен соң, 2023 жылы іс қайта қозғалған.

«Заңмен қорғалуы тиіс»

Бас инженер Самалжан Мақсұтов барлық машинистер үшін алаңдаушылық білдірді.  

«Мұндай қайғылы оқиғаларды болдырмау үшін тараптардың бәрі атсалысқаны жөн. Әріптестерімізді басындағы жағдай бізді қатты алаңдатып отыр. Бұл – теміржол саласы үшін қауіпті жағдай. Жұмысшы жұмысын тыянақты істесе, ол заңмен қорғалуы тиіс. Сонда да қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатса, бұл темір жол саласындағы көп адамды ойлантады», – дейді ол.

Адвокат Азиза Көпбаеваның пікірінше, тергеушілер мен адвокаттар олқылық жіберген.

«Мен қарапайым жұмысшылардың құқығын қорғап жатырмын. Екеуі де – өз ісінің маманы. Қайғылы жағдайға әкеп соғатындай әрекет жасамаған. Олардың қызметтік міндеттері әртүрлі. Алайда оларға бірдей айып тағылып отыр. Бұл тергеушілердің де, прокурорлардың да қақтығыс дерегін толық меңгермегенін көрсетеді», – дейді адвокат.

Адвокаттарының сөзінше, машинистер 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бәсекелестер ойыны ма

Алматы қаласы бойынша «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Мейрамбек Қаныбековтің пікірінше, «қылмыстық құрам» жоқ деп жабылған істің қайта қозғалуы тегін емес. Оның айтуынша, басқа осы секілді қайғылы жағдайларда машинистер жазаға тартылмайды. Мұның тасасында «бизнестегі бәсекелестер» тұруы мүмкін.

«ЖелДор Транс-Актобе» ЖШС бас директоры Талғат Жұмағалиев та бұл нұсқаны қолдап отыр. Оның сөзіне қарағанда, осы уақытқа дейін үнсіз келген, қайғылы оқиғаның өткеніне екі жылдан кейін марқұмның ұлы істі қайта қозғатқан. Және қандай да бір байланысқа шығудан үзілді-кесілді бас тартқан.  

Талғат Жұмағалиевтің де үстінен Мәскеудің зауытынан әкелген тепловоздарды «ереже бұза отырып, қолданысқа берген» деген айып тағылып отыр. Десе де, оның адвокаттары бәрі ережеге сай екенін, құжаттары дұрыс болғанын айтады.  

Сондай-ақ оқыңыз