Депутат Altel, Tele2 және Beeline тарифін 20% өсіруді тексеруді талап етті

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан ұялы байланыс операторлары – Altel, Tele2 және Beeline – абоненттік төлемді бірдей мөлшерде және бір уақытта 20 пайызға көтергеніне назар аударып, мұны «өзара келісімнің» белгісі болуы мүмкін деп санайды.
Депутаттың айтуынша, үш ірі оператордың тарифті бір уақытта көтеруі күмән тудырған.
«Ең қызығы – үш ірі оператордың тарифтерді бірдей көлемде, бір уақытта қымбаттатуы қоғамда үлкен күмән тудыруда. Бұл – компаниялар арасындағы бәсекенің емес, өзара келісімнің, үйлесімнің, астыртын ақылдасудың белгісі емес пе? «Байтал түгіл бас қайғы» дегендей, осындай қадамдардан кейін «Қолжетімді интернет» Ұлттық жобасын ойлаудың өзі мұң болып қалды…», – деді депутат.
Ол сондай-ақ операторлардың нарықтағы үстем жағдайын пайдаланып, бағаны келісіп қоюы мүмкін екенін атап өтті. Депутаттың пікірінше, бұл жағдайды өзгерту үшін нарыққа жаңа қатысушыларды кіргізіп, бәсекені арттыру қажет.
Айта кетейік, бұған дейін байланыс операторлары тарифтерді шамамен 15-20% арттыруды көздеп отырғанын жазған едік. Артынша Цифрлық даму министрлігі ұялы байланыс қызметтерінің бағасы жылдың соңына дейін өзгеріссіз қалатынын мәлім етті. Министрлік байланыс операторларымен келісімге келді.