
Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов Kursiv.media тілшісінің сұрағына берген жауабында Отбасы банктің «50/50» шарты бойынша пәтер алу көпшілікке қиын екенін айтты.
«Отбасы банк үй алу үшін баспана бағасының 50 пайызын талап етеді. Мұны Германия моделі деп атайды. Ал 50 пайызды жинау халыққа қиын. 85 мың теңге алатындар үшін тіпті арман десе де болады. Сіздер банктің осы ішкі ережесін өзгерту керек деп есептемейсіздер ме?» деген сұрақ қойды Kursiv.media тілшісі.
«Өзім де Отбасы банкте ақша жинап жүрмін. Қазір пәтерім жоқ. Пәтер бағасы жыл сайын қымбаттап барады. Келесі жылы алып үлгерем бе – өзім де білмеймін. Шынымды айтсам, 50 пайыз жинау оңай емес. Осы жылы аламын деген ой болған, бірақ үлгермедім. Сондықтан ережелерін қарайық», – деді депутат.
Депутат бұл талаптың жеңілдетілуі кредит саясаты мен ел экономикасының жалпы жағдайына байланысты екенін атап өтті.
«Экономика ауыр жағдайда. Инфляция 12 пайыздан асты. Мұндай кезде банктердің пайызын төмендету қиын. Бізде мәселе уақытша шаралармен шешіліп жүр, ал түпкілікті емдеу тәсілдері ұзақ жылдарды талап етеді. Нақты айтқанда, адам ауырған кезде температурасын түсіріп жүре беруге болады. Бірақ бойында сол ауру қалады. Біздің экономика да дәл осындай жағдайда. Мұның емдеу тәсілі басқаша. Оны жасамағанша, біз солай қиналып жүре береміз. Ал жеңілдетілген несие бәрібір жаба алмайды, керісінше ол ауруды қоздыра береді. Ұлттық банк төрағасы мен Үкімет басшысы осы тұрғыда бірлесе отырып, жұмыс істеу керек. Әйтпесе, бұл жағдай ешқашан өзгермейді», – деді Қошмамбетов.
Депутат өз отбасының жағдайын мысалға келтіріп, үш баласы барын, жұбайы жұмыс істемейтінін, ата-анасы зейнетте екенін айтты. Сондықтан қарапайым адамдар үшін үй алудың қаншалықты қиын екенін жақсы түсінетінін жеткізді.
Айта кетейік, бұған дейін қарыз берерде үйдің жарты құнын сұрайтын банк саясаты жайлы Отбасы банк басшысы Ләззат Ибрагимованың өзіне сұрақ қойғанбыз.