Астана сотында Бишімбаевтардың үй қызметшісінен жауап алынды

24 жылға сотталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова туысымен соттасып жатыр. 2025 жылдың 10 желтоқсанындағы сот отырысына куә ретінде Бишімбаевтардың үй қызметшісі қатысты.
Жәбірленуші Альмира Нұрлыбекова сот залына келмеді.
Істің мән-жайы
Тергеу дерегінше, Қуандық Бишімбаевқа қатысты іс қаралып жатқан кезде отбасының туысы Бекзат Кемелова Бишімбаевтар отбасына жиі баратын болған. Альмира Нұрлыбековаға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Бишімбаевтың отбасына бақылау жүргізіп отырғанын айтқан. Артынша Антикор Бишімбаевтардың мүлкі мен ақшасын тәркілеуді жоспарлап отырғанын айтып, қолма қол ақшаны өзіне сақтауға беруге көндірген.
Осылайша Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова 990 000 долларды көк түсті шабаданға салып, Бақыт Кемеловаға берген. Ал Кемелова бұл ақшаны өз қалауы бойынша пайдаланып, қайтармаған.
Бекзат Кемеловаға қылмыстық кодекстің 190-бабы (алаяқтық) бойынша іс қозғалған.
Үй қызметшісінен жауап алынды
2025 жылдың 10 желтоқсанындағы сотта Бишімбаевтардың үйінде 2014 жылдан бері жұмыс істейтін Күнсұлу Қожахметова жауап алынды. Айтуынша, сотталушы Кемелова Бишімбаевтар үйіне жиі келетін болған. Кемелова кеткеннен кейін Альмира Нұрлыбекованың басы ауырып, жедел жәрдем шақырып жүрген.
«Кемелованың көк шабаданды сүйреп алып кетіп бара жатқанын көрдім. Оны Альмира Нұрлыбекова мен қызы Аружан Бишімбаева, жиені Мирас шығарып салды. Кемелова содан кейін келмейтін болды», – деді куә.
Сөзінше, шабаданның ішінде не болғанын білмеген. Үйдегі құжаттарға да мән бермеген. Ал Нұрлыбекова мен Кемелованың не туралы әңгімелескенін естімеген.
«Кемелова түстен кейін келді. 2-3 сағаттан кейін кететін болды. «Жақсы» деп шығарып салдық. Нақты қай күні екені есімде жоқ. Бекзат Кемелова мен ұлы Бектас екеуі көк шабаданды алып кетті», – деді Бишімбаевтардың үй қызметшісі.

Куәден онлайн форматта жауап алынып жатыр. Сотталушының адвокаты Игорь Вранчев куә Күнсұлу Қожахметованың сот залына келуін сұрап, өтінішхат жолдады. Куә сотқа келетін болды.