«Ақшаны енді көрмейсің»: Уәлихан Бишімбаев 990 мың доллардан қалай айырылып қалды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Уәлихан Бишімбаев сотқа куә ретінде қатысып жатыр/бильд-редактор Ахтам Зиперов

Профессор Уәлихан Бишімбаевтан 990 мың долларды алаяқтық жолмен иемдену ісінде куә ретінде жауап алынды.

Істің мән-жайы

Бишімбаевтар отбасы туысы Бекзат Кемеловамен соттасып жатыр.

Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова 990 000 долларды көк түсті шабаданға салып, Бекзат Кемеловаға берген. Ал Кемелова бұл ақшаны өз қалауы бойынша пайдаланып, қайтармаған. Оған дейін Бишімбаевтың отбасын және туыстарын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тексеріп жатқанына айтып, қолма қол ақшасын сенімді жерде сақтауға сендірген.

Содан кейін Бекзат Кемеловаға қылмыстық кодекстің 190-бабы (алаяқтық) бойынша іс қозғалған.

Бекзат Кемелова – Уәлихан Бишімбаевтың бөлесі Қайрат Кемеловтің әйелі.

«Ақшаны енді көрмейсің»

Уәлихан Бишімбаевтың айтуынша, Бекзат Кемелова күн сайын үйіне келіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Бишімбаевтар отбасын тексеріп жатқанын жеткізген.

«Кемелова агенттікте жұмыс істейтін танысы барын, құзырлы органдардың отбасымыз бен туыстарымызды тексеруді бастағанын айтты. Үйіміздегі әңгімені де тыңдап отырғанын, айтқымыз келгенді қағазға жазып отыруды ұсынды. Отыз шақты туысымыз кірген тізім жасалып, ішінде «Кемеловтер ғана жоқ» деді.

Әйеліме мұндай әңгімеге сенбеуін, күмәнді екенін айттым. Қараша аяғы, желтоқсанның басында Салтанат Нүкенованың әкесінің Қазақстан президентінің атына жазған хаты тарады. Ол жерде жауапқа тарту, мүлкін тәркілеуге қатысты жазылған. Осыдан кейін Бекзат Кемелова күшейе бастады.

Қайрат Кемелов үйге келгенде «неге әйелің мұндай әңгіме таратады?», «үйге келмесін не мұндай әңгімені тоқтатсын» дедім.

Содан кейін де Кемелова күн сайын келіп, көмектесіп жүрді. Әйеліме «Бекзатты үйге кіргізбе» деп те айттым», – дейді Уәлихан Бишімбаев.

Айтуынша, сол аралықта Альмира Нұрлыбекова туысы Бекзат Кемеловаға 990 мың долларды сақтауға берген. Ал Уәлихан Бишімбаев бұл туралы бірнеше айдан кейін білген.

«Ақшаны бергені туралы несие төлеу керек болған кезде ғана білдім. Үйдегі ақшадан төлейік дедім. Әйелім ақшаны Бекзат Кемеловаға сақтауға бергенін айтты. Әйеліме «Сен не бүлдірдің? Ақшаны енді көрмейсің» деп айттым. Қазақта «алтын көрген періште жолдан таяды» деген сөз бар», – дейді Бишімбаев.

Содан кейін Бишімбаев Кемеловамен сөйлескен.

«Кемелова «көке, алдап тұрған жоқпын. Ақша сенімді жерде тұр. Ақшаңыздың бәрін қайтарамын. Нан ұрсын. Мен намаз оқимын. Құдайға сенемін, 27 тамызда қайтарамын» деп айтты», – дейді Уәлихан Бишімбаев.

Айтуынша, ол Кемелованың бұл сөзіне сенбеген.

«Ақшаны қайтарамын деп уәде еткен 27 тамызда Бекзат Кемелова байланысқа шықпады. Содан кейін әйелім Альмира Нұрлыбековамен бірге үйіне іздеп бардық. Олар басқа пәтерге көшіп кеткен екен. Жаңа мекенжайын алып, үйіне бардық. Сонда Альмира Нұрлыбекова Кемеловаға «Айналайын, ақшаны қайтарыңдар» деп жылап қалды. Кемелова «Ақша жоқ. Маған не істей аласыңдар?» деп жауап берді», – дейді Уәлихан Бишімбаев.

2025 жылдың 10 желтоқсанындағы сотта Бишімбаевтардың үйінде жұмыс істейтін Күнсұлу Қожахметова жауап алынды.

Сондай-ақ оқыңыз