
Италияның аңызға айналған «Интер» футбол клубы әлеуметтік желідегі ресми парақшасында қазақстандық әнші Қайрат Нұртастың «Сені сүйем» әнін пайдаланып, ерекше жазба жариялады.
Клуб жазбасында: «Бүгін Чемпиондар лигасы қайта оралды. Сан-Сиродағы соңғы команда – Қайрат болды» деп әзіл-оспақ мәндегі мәтін қалдырған.
Сондай-ақ миландық клуб «Қазақстанға арналған тағы да контент үшін бізді қадағалаңыз» деп, қазақстандық жанкүйерлерге арнайы үндеу жасады.
Айта кетейік, бұған дейін алматылық «Қайрат» командасы Миланда «Интерге» қарсы кездесу өткізіп, матч 2:1 есебімен италиялық клубтың пайдасына аяқталған. Сол ойын қарсаңында «Интер» парақшасы қазақ аудиториясына арнап, Bayan Sulu-дың «Ауа райы» әнін қолданып, қазақша жазба жариялаған еді.