Жаңалықтар

«Курсив» сайтына DDoS шабуыл жасалды

DDoS-атака на Курсив
Фото: Shutterstock

Kursiv.media сайтына 9 желтоқсанда таңертең және 10 желтоқсанда түнде DDoS-шабуыл жасалды. Ол АҚШ және Вьетнамнан келген деген болжам бар.

ІТ және цифрландыру департаментінің жетекшісі Денис Арланцевтің сөзінше, 9 желтоқсандағы DDoS-шабуыл кезінде боттар серверге жалпы 1 миллионнан астам сұрау жіберіп, деректер базасын басқару жүйесіне жүктеме түсірді. Бұл өз кезегінде сайттың жұмысын баяулатты.

Маманның айтуынша, қаскөйлер Kursiv.Media сайтын әбден зерттеп алған. Түрлі барлау-шабуылдар жасалған.

«Бізге мәселе тудыру үшін оларға бұрынғыдай қуатты, жаппай шабуыл жасаудың қажеті жоқ. Қазір жүйеге салмақ түсіретін нақты нүктелерді дәл нысанаға алады. Мұндай шабуылдардың трафигі қарапайым пайдаланушылардың әрекеттерінің астына «жасырынады», сондықтан оны бірден анықтау қиын», – деді ол.

10 желтоқсан күні түнде тағы бір шабуыл жасалған, бірақ оны тезірек тойтарудың сәті түсті.

Айта кету керек, сайтқа шабуыл жасалған кезде «Курсив» өкілдері Freedom Holding Corp. СЕО-сы Тимур Турловтың кездесуінде отырған еді.

Бұл Kursiv.Media сайтына жасалған алғашқы шабуыл емес. Осыдан екі жыл бұрын басылымға қарсы осындай қаскөйлік әрекет байқалған. Бірнеше күн ішінде серверге миллиардтан аса сұрау салынды. Сайт жұмысы тоқтағанмен, қайта қалпына келтірудің сәті түсті. Одан бөлек телеграм арнаға да дәл сондай шабуыл жасалып, екі тәулік ішінде 90 мың бот қосылды.