Мыңнан аса фермер Үкіметтен ерте қаржыландыруды өтінді

«Кең дала 2» бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау 1 қазанда басталған. Оларға 150 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінеді.
Үкіметтің хабарлауынша, бүгінгі таңда жалпы сомасы 149,6 млрд теңгені құрайтын 1 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің тізімі жасақталған.
«Ерте қаржыландыру аграрлық сала өкілдеріне келер жылғы ауыл шаруашылығы маусымына тиімді дайындалуға, жанар-жағармайды тиімді бағамен алуға, тыңайтқыш сатып алуға, ауыл шаруашылығы техникасын жөндеуге және қажетті тұқым қорын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осы кезеңде қаржылық ресурстарға қолжетімділік – егіс науқанын табысты өткізудің негізгі шарттарының бірі», – деп хабарлайды Үкімет.
Бағдарлама бойынша жылдық 5 пайызбен жеңілдікпен сыйақы мөлшерлемесі көзделген. Бөлінген қаражатты егіс жұмыстарына дайындыққа, жинау жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ маусымдық шығындарды өтеуге бағыттауға болады. Кепілмен қамтамасыз ету мәселесінде қиындықтары бар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін кепілдік беру мүмкіндігі қарастырылған. Яғни, қарыз сомасының 85 пайызына дейін «Даму» қорының кепілдігімен қамтамасыз етіледі.
Қаржыландыру Аграрлық несие корпорациясының филиалдық желісі және еліміздегі серіктес қаржы институттары арқылы жүргізіледі. Аграрлық несие корпорациясы іске асырып отырған кешенді тәсіл аймақтарға қарамастан фермерлерге қолдаудың қолжетімділігін және жеделдігін қамтамасыз етеді.
Бұл аграрлық сектордың тұрақтылығын арттыруға және маусымдық дала жұмыстарын уақытылы жүргізуге ықпал етеді.
Бағдарлама жөніндегі толық ақпарат Agrocredit.kz сайтында орналастырылған.
Айта кетейік, бұған дейін 2025 жылдан бастап қазақстандық фермерлерге көктемгі-күзгі дала жұмыстары үшін субсидия беру тоқтатылды. Оның орнына жеңілдетілген несие берілетін болған. Сондай-ақ қазақстандық фермелер егінін қуаңшылықтан сақтандыра алады. «Freedom Insurance» компаниясы ерікті сақтандыру бағдарламасын ұсынады.