Жаңалықтар

Өскемен зауытынан шығатын жабдықтар Каспий мұнай құбырында пайдалынады

Роман Скляр
фото: Үкімет баспасөз қызметінен

Өскемен арматура зауыты Каспий құбыры консорциумы үшін жабдықтар шығарады. Бүгін үкімет үйінде екі тарап ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Келісім бойынша Өскемендегі зауыт «КҚК-Қ» компаниясына Қазақстанда өндірілген жоғары технологиялық материалдар, жабдықтар жібереді. Сондай-ақ олар техникалық қызмет көрсетуді, жаңғыртуды, сынақтан өткізуді және жаңа инновациялық технологияларды бірге әзірлеп, енгізуді жоспарлап отыр.

Бұл бастама жергілікті өндірісті дамытуға, мұнай құбырларында отандық жабдықтың үлесін арттыруға, әрі Қазақстандағы ірі құбыр арматурасы өндірушісі мен мұнай тасымалдау саласының басты операторлары арасында тұрақты әріптестік орнатуға бағытталған.

Өскемен арматура зауыты Қазақстандағы және ТМД елдері арасында құбырларға арналған жабдық өндіретін ең ірі кәсіпорынның бірі саналады.

Каспий құбыр консорциумы – ірі халықаралық мұнай жеткізу жүйесі. Ол Қазақстан батысынан (негізінен Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарынан) Қара теңіздегі Новороссийск (Ресей) портына жақын орналасқан терминалдарға мұнай жеткізу үшін құрылған. Қазір компания Қара теңіз терминалында орналасқан үшінші айлақ құрылғысына жөндеу жұмысын жүргізіп жатыр.