«Қарабах» – «Аякс» матчының тікелей трансляциясы

Сәрсенбі, 10 желтоқсан күні Бакуде Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі алтыншы тур ойыны өтеді. Бұл кездесуде әзербайжандық «Қарабах» клубы нидерландтық «Аякс» командасын қабылдайды.
Матчтың тікелей трансляциясы Астана уақытымен 22:45-те басталып, «Qazsport» телеарнасынан көрсетіледі.
Бес тур қорытындысы бойынша «Қарабах» 7 ұпай жинап үлгерді. Әзербайжандық клуб португалиялық «Бенфиканы» (3:2) және даниялық «Копенгагенді» (2:0) сенсациялық түрде жеңіп, ағылшынның «Челсимен» (2:2) тең ойнады. Сонымен қатар, испаниялық «Атлетиктен» (1:3) және италиялық «Наполиден» (0:2) жеңіліс тапты.
Ал «Аякс» әзірге жалпы кезеңдегі ең сәтсіз командалардың бірі. Нидерландтық ұжым бес матчтың бәрінде жеңіліп, бірде-бір ұпай жинай алған жоқ. Амстердамдық клуб «Интерге» (0:2), «Марсельге» (0:4), «Челсиге» (1:5), «Галатасарайға» (0:3) және «Бенфикаға» (0:2) жол берді.