Қарағандыда теміржолдағы апаттан төрт адам қаза тапты

Қарағанды облысында Мойынты-Шығанақ учаскесінің Шешенқара-Қаражанғыл аралығында жүк пойызы жөндеушілер бригадасына келіп, төрт адам қаза тапты.
Оқиға 10 желтоқсанда сағат 17.15-те болған.
«Теміржол төсемі аймағында Сарышаған станциясының жол бригадасы рельсті ауыстыру бойынша жоспарлы жұмыстарды орындады. Барлық қажетті шараларға қарамастан, жазатайым оқиғаның алдын алу мүмкін болмады. Төрт қызметкер өміріне сәйкес келмейтін жарақат алып, қайтыс болды», – деп хабарлады ҚТЖ баспасөз қызметі.
Машинист шұғыл тежеуді қолданғаны атап өтілді. Себептерді анықтаумен компанияның арнайы комиссиясы айналысады.
«Комиссия тергеу жүргізу үшін оқиға орнына жедел барды», – деп атап өтті ҚТЖ.
Компания қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтып, отбасыларға барлық қажетті қолдау көрсетілетінін хабарлады.