Жаңалықтар

Қазақстан-Моңғолия келісімі: еңбек өтілі екі елде бірдей есептелетін болады

Фото: Shutterstock

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті Қазақстан мен Моңғолия арасындағы зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заң жобасын мақұлдап, оны жалпы отырыс қарауына шығаруды ұсынды.

Келісімге 2024 жылғы 29 қазанда Ұлан-Батырда қол қойылған. Ол екі ел азаматтарына бір мемлекеттен екіншісіне қоныс аударған жағдайда зейнетақы тағайындау үшін еңбек өтілін өзара тануға мүмкіндік береді.

Құжаттың негізгі нормалары:

  • ортақ және базалық зейнетақыларды есептеу кезінде еңбек өтілін өзара мойындау;
  • жинақтаушы зейнетақыларды экспорттауға жағдай жасау.

Келісім еңбек сіңірген жылдары үшін төленетін зейнетақыларға (Қазақстанда) және әскери қызмет бойынша зейнетақыларға (Моңғолияда) қолданылмайды.

Зейнетақы тағайындау мен төлеу азаматтың тұратын елінің заңнамасы бойынша жүзеге асырылады.

Барлық салалық комитеттер оң қорытынды берген. Енді мәселе Мәжілістің жалпы отырысында қаралады.